Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мылқау жандармен ымдаса алған алаяқ мүгедектерді алдаумен ақша тапқан

Алматыда есту қабілеті бойынша мүгедек жандарды алдап, ақшаларын иемденген сериялық алаяқ сотталды.

qqqqe1efd6

Сурет: sila-znaniy.com 

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді деп Қазақпарат хабарлайды.

Қылмыстық істің материалдарына көз жүгіртсек, 43 жастағы Данияр Тағаев ымдасу тілін білетін болған. Сол арқылы есту қабілеті бойынша мүгедектермен сөйлесіп, олардың сеніміне кірген. Сөйтіп, олардың мүлкін иемдену мақсатында 2014 жылдың мамыры мен тамыз айлары арасында мүгедек таныстары арасында банк саласында мықты таныстары бар екендігі, олардың екінші дәрежелі банктер «астыртын» несие алып бере алатындығы, бұл үшін кейін ештеңе төлеудің қажеті жоқтығы туралы жалған ақпарат таратқан.

«Бұл жерде Тағаев жәбірленушілерге өтеусіз несие алып бергені үшін оларға: «несиенің тең жартысын маған бересіңдер» деп айтқан. Одан басқа, сотқа дейінгі тергеу барысында осы ақпаратты мүгедектер арасында тарату үшін, ол бұл іске саңырау және мылқау екі танысын тартқандығы анықталды. Ал олар кейін белгілі болғанындай, Тағаевтың қылмыстық ниетінен мүлдем бейхабар болған. Арам ниетін жүзеге асыру барысында Тағаев бірде «Ш» есімді азаматшамен банк филиалына барады. Сөйтіп, азаматшаның есту бойынша мүгедек екендігін пайдалана отырып, менеджерге сол мүгедектің атына несие рәсімдеу бойынша өтініш жасайды. Осылайша, бейне бір сурдоаудармашы ретінде әрекет ете отырып, мүгедек жанға 1 миллион 200 мың теңге несие алуына көмектеседі. Кейін, оның 700 мың теңгесін қаскүнем «көмек көрсеткенім үшін», – деп, өзіне алып алған», – деді осыған орай Алматы қалалық ІІД Тергеу Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлішер Тұрсынбетов.

Тергеу анықтағанындай, Данияр Тағаев осындай 17 қылмыстық әрекет жасаған. Ол адамдарды сенгіштіктерін және заңдарды білмейтіндіктерін пайдаланып, алдап соққан.

Ал біршама уақыттан кейін алданған мүгедектерге банктерден несие бойынша берешектерін өтеу қажеттігі туралы хабарламалар келе бастайды.

«Сотталушы өз кінәсін мойындамағанымен, оның алаяқтық әрекеттер жасағаны дәлелдер жиынтығы бойынша толығымен дәлелденді. Сотталушының «мен делдалдардың құрбанына айналдым» деген уәжі негізсіз болып шықты. Өйткені, тергеу анықтағанындай, оның мақсаты – жәбірленушілердің мүлкі мен ақшаларын иемдену болған. Тіпті жәбірленушілерді алдау және мүлкін иемдену бойынша өзі белсенді әрекет жасаған. Дәлірек, жәбірленушілермен келіссөздер жүргізген, несиелерді рәсімдеу ісіне қатысқан және жәбірленушілерден ақшаны өзі алып отырған. Қылмыстық істі қорытындылай келе, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Данияр Тағаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы, 3-ші тармағының «б» бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасады деп танып, оның мүлкін тәркілеп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Ол енді өз жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады», – деді полковник Тұрсынбетов.

Талқылау