Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда егіз ұлдарын өлтірген ата-аналар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Өз ұлдарын аямағандарды заң да аямауы керек! Алматыда егіз балаларын қатыгездікпен өлтірген ер адамның өмір бойына бостандық көрмеуі мүмкін. Бүгін прокурор сәбилерді қолымен тұншықтырып өлтірген әкеге осындай жаза сұрады. Қылмысқа қатысы бар делінген безбүйрек ананы да 19 жылға түрмеге қамауды талап етті. Бұған қоса қандықол ата-анаға айыппұл арқалатпақ. Отағасы сұмдық қылмысқа барғанын мойындаса, әйелі әлі де өзін ақтап әлек, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматыда егіз ұлдарын өлтірген ата-аналар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Дүйім жұртты дүрліктірген іс аяқталуға жақын. Бүгін сотта мемлекеттік айыптаушы қанышер ата-анаға жаза сұрады. Айтуынша, ерлі-зайыптының 2 адамға ажал құштырғаны толығымен дәлелденген. Яғни, егіздерді өздері дүниеге әкеліп, өздері өлтіріпті. Оларды тұншықтырған – Эмиль Гильмутдинов. Бұл туралы Алла Волченко екеуі алдын-ала келісіпті. Оны тасбауыр әкенің 3 бірдей жауабы да растаған дейді прокурор. Сондықтан, ел естімеген қылмыс жасаған есі дұрыс ересектерді аяп қалмады. Марқұмдардың жанын қиған әкені өмір бойына соттауды талап етті. Оның жарына да ауыр жаза сұралды.

«Алла Волченконы кінәлі деп танып, 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Бұған қоса, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу керек. Ол жазасын қауіпсіздігі күшейтілген мекемеде өтесін», – дейді мемлекеттік айыптаушы Расул Есдәулетов.

Сотқа зардап шегуші ретінде білім бөлімінің маманы қатысуда. Өйткені, қанышер ерлі-зайыптының үлкен ұлы қазір солардың қарауында. Екеуінің 2 жасар баланы да далада қараусыз тастап кеткенін еске салайық. Бүгін зардап шегуші тарап Эмиль мен Алланың 3 ұлына да салғырт  қарағанын мәлімдеді. Сараптама кезінде олардан түрлі аурулар анықталған. Тіпті, егіздердің аштықтан өлген болуы да мүмкін дейді.

«Салауат пен Ринат физикалық жағынан дамымай қалған. Жүйке жүйесінде зақым болыпты. Дәрігерлердің қарауында мүлдем болмаған. Үлкен ұлы да дәл солай. Өз балаларына бұлай қарау – дұрыс ата-ананың ісі емес. Аң екеш аң да баласын қорғайды. Бұл қылмысты ақтауға мүлдем болмайды», – дейді Медеу аудандық білім бөлімінің бас маманы Айткүл Кемебаева.

Десе де, Волченконың өзі қылмысқа түк қатысым жоқ деуден танар емес. Айтуынша, тергеу амалдары дұрыс жүргізілмеген. Ол прокурор сұраған айыппен мүлдем келіспейді. Қорғаушысы да әйелдің кінәсі дәлелденбеген деп отыр. Сондықтан, судьядан оны біржолата босатуды сұрады. Күйеуі де сот басталғалы әйелін барынша ақтауда. Ал, Гильмутдиновтің өзі егіздерді өлтіргенін растағанымен, өмір бойына түрмеге қамалғысы жоқ.

«Өз кінәмді мойындаймын. Ол кезде не істеп жатқанымды өзім де білмедім. Есімнен танып қалдым. Бұл үшін қатты өкінемін. Бірақ, мемлекеттік айыптаушының өмір бойына соттау туралы сөзімен келіспеймін», – дейді сотталушы Эмиль Гильмутдинов.

Ерлі-зайыптылар мұның алдында жазаларын жеңілдететін жол іздеген. Яғни,сақшыларға өз аяғымызбен бардық деп еді. Бүгін оны растау үшін полиция басқармасының өкілінен жауап алынды. Әрі ол күдіктілердің ішке еріктерімен кіргенін жоққа шығарды. Ғимараттың сыртында тұрған жерінен өзі шақырып алыпты.

Алла Волченко үлкен ұлына қатысты аналық құқынан құқығынан айырылғысы келмейді. Бүгін судьяға осындай өтініш білдірді. Әрі сотқа өзі туралы жазылған жағымды мінездемелер алып келіпті. Осылайша, 19 жылдық түрме азабынан құтылуға тырысуда. Келесі жолы айыпталушы әйел соңғы сөзін айтады. Сөйтіп, көп ұзамай екеуіне де үкім кесілмек.

 

Талқылау