Алматыда автобус жүргізушілері шатақ шығарды
Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері ерекше наразылық акциясын өткізді. Олар Төле би көшесінің бойындағы арнайы жолақта жарты сағатқа автобустарын қаз-қатар қаңтарып тастады. Бұл туралы КТК хабарлады.
Ал, діттеген жеріне жете алмаған қала тұрғындары әп-сәтте әбігерге түсіп, абдырап қалған. Тіпті, оқиға орнына жеткен жол сақшылары мен жүргізушілер бірін-бірі түсінбей, біраз тәжікелесуге тура келіпті.
Алайда, автобус паркінің өкілдері, бұл жүргізушілердің бас көтеруі емес, арнайы жолаққа қатысты қиындықтан туған мәселе деп, ақталып отыр. Олардың айтуынша, қаладағы қоғамдық көліктерге арналған жолаққа көлік қойып кететіндердің кесірінен, автобустар айналып өте алмайды екен-мыс. Егер сол қапталға бұрылса, айыппұл арқалайды. Ал, бұл жолы диспетчер жолақтың автобустарға толы екенін жүргізушілерге ескертуден кешігіп қалыпты. Нәтижесінде бірінің ізінен бірі келген көліктер, иінтіресіп тұрып қалды деген уәж айтуда.
Ал, жүргізушілердің не үшін бір жерге топтасқанын білмейміз деген полицейлер, ешкімге шара қолданбапты. Тек, бұлай жиналуға болмайтынын ауызша ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бірақ, сақшылар бүгіннен бастап қала көшелеріндегі арнайы жолаққа бақылауды күшейтпек.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбеде тек тұрмыстық техникаларды тонап жүрген әккі ұры ұсталды
Ақмола облысында 6 жасар баланы өз иті талап өлтірді
Ақмола облысында тұрғындар өтірік есеп беретін әкімнің былығын ашты
Маңғыстауда малдардың құтыру дертінің қайдан пайда болғаны анықталды