Алматы облысында бала-шағасын тірідей өртеген азамат жайлы көршілері айтып берді
Алматы облысында үстіне бензин құйып, тірідей жанып кеткен ер адам мен оның жасөспірім ұлы жерленді,-деп жазды КТК арнасы.
Ал, әкесі қасақана өртеген 18 жастағы қыз ауруханада өте ауыр хәлде жатыр. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. 44 жастағы марқұмның қара басымен қоса туған ұл-қызын ажалға жетелеуіне отбасындағы ұрыс себеп болған деген болжам бар.
Қаралы бөлменің қара күйеге боялған терезесі өткен-кеткенге кешегі қайғыны еске салып тұрғандай.
Адам нанғысыз оқиға шырт ұйқыда жатқан жатақхана тұрғындарын аяқтан тік тұрғызған. Санаулы уақыттың ішінде ескі нысан түтін құрсауында қалыпты. Абдыраған жұрт далаға ағылған.
Ал, отқа оранған жатақхананың төртінші қабатындағы мына аядай ғана бөлме. Мұнда 44 жастағы ер адамның бұрынғы әйелі мен 2 баласы тұрып жатыпты. Ол түн ортасында соларға келген. Әрі өзімен бензин ала келіпті. Сөйтіп, соның көмегімен өзін де, балаларын да өртеп жіберді.
«Балалар жатқан ғой ұйықтап. Сонда анау қойнына тығып келген бензинін. Өзіне құйып, балалардың үстіне құлаған дейді»,-деп баяндап берді көршісі Айман Сағынбекова.
Көз көріп жүрген ер адамның мұндай әрекетке барғанына көршілер әлі сене алар емес. Олар бірден жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақырыпты. Бірақ, амал нешік.
Өзіне бензин құйған әке де, оның 12 жастағы жасөспірім баласы да тірідей жанып кетті. Олар бүгін жер қойнына тапсырылған. Бөлмеде болған 18 жастағы қыз ғана тірі қалды. Онда да денесінің 90 пайызын күйік шалып, ауруханада хәл үстінде жатыр.
«Қазіргі таңда жағдайы өте ауыр. Аппаратта. Дәрілердің көмегімен ұстап отырмыз»,-дейді Іле аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдар Сұлтанғазиев.
Олардың анасы болса дін аман. Ал, бұрынғы күйеуін мұндай жауыздыққа арадағы кикілжің итермелеген болуы мүмкін. Жатақхана тұрғындары бұған дейін айқау-шудың дауысын жиі естіпті. Сол күні де ұрысты құлақтары шалыпты.
“Бір әйел айтады, түнде 2-ден кеткенде әжетханаға барсам, ұрысып жатқан дейді. Ылғи ішіп келеді. Әйелі кіргізбейді. Кейде бірақ бірге жүреді, көреміз”,-дейді көршісі Айман Сағынбекова.
Өзін де, ұл-қызын да өртеген ер адам жергілікті ауруханада жедел жәрдем жүргізушісі болып қызмет етіпті.
Ол қасақана қойған жалыннан жатақхананың дәлізі де қара түтін болған. Ыстың иісі де 4 қабатты алып кеткен. Ал, тұрғындар әлі өз-өздеріне келе алмай жүр. Тіпті, өліктер шыққан бөлмеге жақын тұратындары көшіп кеткен.
«Ыс алып кетті. Ешкім жоқ қой. Бәрі шок. Бәрі жан-жаққа кетті ғой»,-дейді көршісі Сұлтанбай Жұмаділов.
Жалын газ баллондарына жетпей абырой болды дейді шошынған тұрғындар. Әйтпесе, бүкіл нысанды күлге айналдырар еді. Қазір қайғылы оқиғаны сақшылар бақылауға алды. Олар сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
Оқи отырыңыз:
Балқашта бейәдеп смс хабарлама жіберген мүғалім сотталды
Ер адам болып туғанымен, әйел болып өмір сүріп жатқан 10 сұлу
“АрселорМиттал Теміртау” ереуілге шыққан шахтерлерді сотқа берді
Көпқабатты үйдің ауласынан 17 жастағы алматылықтың мәйіті табылды