Алматы облысы тұрғынының тісжегіден басталған дерті асқынып қатерлі ісікке айналған (фото)
Алматы облысының Қарасай ауданында Серік Жақаймов деген азамат тұрады. Отыз алты жастағы осы азаматтың бүгінде қабырғасы қайысып, қайғыға батып отырған жайы бар.
Бүлінген тісті уақтылы емдетпеудің салдарынан әйелі ауыр науқасқа шалдығыпты, деп жазады Замана газеті.
«2013 жылы келіншегім Замира Жиемұратованың алдыңғы тістері шіри бастады. Кейбірінің түбі іріңдеді. Бірін жұлдырдық, бірін емдеттік. Бірақ тістері бірінен кейін бірі шіри берді. Ақыры аузында тіс қалмады. Көп ұзамай беті ісінді. Өзі де әлсіреп, жүдеп кетті. Сосын емделіп алсын деп азын-аулақ ақшаны ұстатып, Ташкентке жібердім. Ол жақта дәрігерлер біз күтпеген сұмдық диагноз қойды: «Сол жақ таңдай қуысының қатерсіз ісігі». Екі баланы босанғанда да Замира дұрыс күтіне алмап еді. Тістен басталған ауруға сол себеп болды ма деп ойлаймын.
Ташкентте Замира жарты жыл емделді. Сәулелік терапия қабылдады. Беті бері қараған соң елге оралды. Бәрі дұрыс деп ойлағанбыз. Бірақ бір жылдан кейін сол жақ беті тағы да ісіп, өзі әлсіреп, қатты жүдеп кетті. Сөйтсек ауруы асқынып кеткен екен. Қатерлі ісікке айналыпты. Содан бастап абыржу, шапқылау: анализ тапсыру, дәрі-дәрмек алу, ауруханаға жату. Бірақ ауру бұл емге көнбеді. Сөйтіп 2016 жылдың шілде айында операция жасаттық. Оның да машақаты мен шығыны көп екен. Не керек, келіншегімнің сол көзін, жағын, таңдайын алып тастады. Осылай Замира бір-ақ күнде бетінің сол жағы қисайып, дұрыс сөйлеу мен ас ішуге жарамай, мүгедек болып қалды. Даусы шықпайды. Айтарын ернінің қимылдауы мен емеурінінен түсінуге тырысамын. Таңдайына «мочалка» қойып береді, оны күнара емханаға барып, алмастырып тұрамыз. Мүмкіндік болып жатса, жасанды таңдай қойдырсақ дейміз. Бірақ ол үшін қаражат керек…
Бүгінге дейін үш рет химиялық терапия алды. Жақында төртінші рет химия алуға барамыз. Одан кейін тым қатты әлсіреп, жүріп-тұрмақ түгілі, басын да көтере алмай қалады. Қызуы жиі көтеріліп, жиі қиналатындықтан жанынан ұзап шыға алмаймын. Диагнозын білетіндіктен, әрі ұл-қыздың жайын ойлап уайымдайтыны тағы бар, жүнжіп барады.
Өзімнің де жағдайым мәз емес: жұмыссызбын. Базарға барып, «тәшкі» айдасам да тиын-тебен табар едім, әттең, Замирамен қоса балаларға да қарауым керек қой. Таңертең ас-суын беріп, 4-сыныпта оқитын қызымды мектепке шығарып саламын. Түсте баламды мектепке апарып, қызымды алып қайтамын. Күл шығарып, пеш жағу, ас әзірлеу, нан жабу, үй жинау, кір жуу, балалардың сабағын оқыту, киімдерін үтіктеу, дәріхана аралап, керек дәріні іздеу сияқты бітпейтін тірлік әйтеуір. Түнде қозатын аурумен арпалысқан Замираға қарайлап, ұйқыны да ұмыттым.
Үйіміз болған. Емделу, дәрі-дәрмек пен операция, қан құю керек болғанда сатып жібердік. Қазір Жамбыл ауылындағы бұрынғы моншада тұрып жатырмыз. Қожайынына рахмет, оған ақы алмайды. Бірақ асты-үсті сыз үлкен бөлме еш жылымайды. Қайта от жаққан сайын зәктеніп, қабырғалары суланып, балалар да жиі ауырады. Көктемге дейін жеткізу үшін отын-суды да үнемдеп жұмсаймын.
Өзім жетім өстім. Төрт жасымда ата-анамнан қатар айырылдым. Интернатта тәрбиелендім. Жоғары білімім жоқ. Жазда жеке адамдарға жалданып, үй, монша, сарай сияқты құрылыстарын жасаушы едім, енді оған да мүмкіндігім болмай отыр.
Замира да анасыз өскен. Туыстары Қарақалпақстаннан ары тұрады. Әркім өз отбасының әуресімен, олардың бізге қарайласуға шамалары жоқ. Алладан күні-түні сұрайтыным, келіншегімнің аты жаман аурудан аман-есен жазылуы. Ол үй тірлігіне жараса, мен қандай ауыр жұмыс болса да қашпас едім.
Келіншегінің мүгедектігіне берілетін ақша өзінің еміне де жетпейді. Ауыл адамдары бірі ұн, екіншісі бір шелек көмір, азырақ картоп-пияз, бірі балаларына сыймай қалған тәуір киімдерін беріп тұратын. Қашанғы қарайласады дейсіз? Қазір дәрі-дәрмек, ас-ауқат, киім-кешек, отын-судан да қатты тарығып жатырмыз. Балаларға көзімдегі қайғыны, үйдегі жоқтықты, аурудың азабын көрсеткім келмейді. Бірақ жүрегің жылап тұрғанда өтірік күле алмайды екенсің. Еркек басыңмен көпшіліктен көмек сұрау өте қиын. Бірақ мен соған мәжбүрмін. Қайырымды адамдар, мүмкіндігі бар жандар қолдарынан келгенше көмек берсе екен деймін. Жылағанымды, қиналғанымды үйдегілерге көрсетпейін деп сіздермен далаға шығып, үй артында сөйлесіп тұрмын».
Осылай деген Серіктің даусы дірілдеп, өксіп жылап жіберді. Ауыр жағдайға тап болған апталдай азаматтың әңгімесі біздің де жанымызды ауыртты.
… Біз ұл оқиға өзгелерге ой салады деп үміттенеміз. Бүлінген тісті дер уақытында емдету, босанған соң дұрыс күтіну сынды жайларды елемеуге болмайтынын да айтқымыз келеді.
Ал Серік Жақаймов пен Замира Жиемұратоваға көмектесемін деушілер болса, қаражатты «Казкоммерцбанктегі» 4177 7900 3044 6921 есепшотқа аударса болады. Серік Жақаймовтың байланыс телефоны 8-775-827-93-33.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбеде арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып аялап отыр (фото)
Қазақ жігіті салақ әйеліне үй шаруасын үйрете алмағанын айтып налыды
Алматы облысы тұрғынының әйелін айуандықпен өлтірген сәті жарияланды (видео)