Қоғамдық көлікте қалай тегін жүрдім: Біздің кондуторлар қаншалықты мейірімді?
Интернет желісіне қарасаң, қазір адамдар мейірлене түскенін байқауға болады. Әрдайым бір-біріне қол үшін созып, көмектерін аямайды. Сол мейірбан жандар қиын сәтте маған да көмек бере ма екен? Мысалы қаламыздың қоғамдық көлік кондукторлары мен жүргізушілері маған қаншалықты қамқорлық жасайтынын жеке тәжірибемде тексеріп көрдім.
Егер жеке көлігіңіз болып, арасында автобусқа отырып қалсаңыз, әрине, қолайсыздықты сезінесіз. Алайда, бір байқағаным, қалада кептеліс кезінде жеке көлікке қарағанда барар жеріңе автобуспен тез арада жетеді екенсіз. Іші адамға толы болса да, кондукторлар күнделікті норманы орындау үшін, аялдамада өз маршруттарын сарғая күткен жолаушыларды «итеріп» тұрып сыйғызып алады. Күнделікті қоғамдық көлікке мініп жүрген алматылықтар, автобустың ішіндегі жайсыздыққа қарамай отыра кетеді, бастысы барар жеріне уақытында жетсе болғаны. Тіпті кондукторлар мен жүргізушілер тұрақты жолаушыларын танып, оларға ерекше қызмет көрсетуге тырысып жатады. Әрбір жолаушы, таңнан кешке дейін отыруға да уақыт таппай жұмыс істейтін кондукторлар, басқа көліктермен жолға таласып, уақытына үлгере алмай жатқан автобус жүргізушілеріне қарап бір-бір кітап жазып шығуға болады.
Жеке көлігім болса да, уақыт тығыз кезде, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолағы бар көшелердің маршруттарына мініп алып, барар жеріме жылдам жетіп аламын. Абай даңғылы, Төле би көшесімен жүретін жолаушыларға өте ыңғайлы. Біріншіден, бұл көшелер бойымен жүретін автобустар саны көп болса, екіншіден көліктердің интервалы да қысқа, демек біреуіне кешіксең, тез арада екіншісі келіп тұрады. Халық көп отырып, ақша молынан түсіп жатқаннан кейін ба, бұл жолдағы автобус кондукторлары әрдайым жолаушылармен тіл табысуға тырысады.
Мысалға №5, 25, 16, 65 бағытындағы автобустардың жүргізушілері де, кондукторлары да тек қызмет көрсетіп ғана қоймай, кез келген адамның сұрағына жауап қайтарып, жұмыстан шаршап келе жатқандардың әңгімесін тыңдауға дайын. Өз басым №5, 25 троллейбустарының жүргізушілері көбінесе әйел адам екендерін байқадым. Авторпарктің формаларын мұнтаздай қылып киіп отырған келіншектер табиғаттарына сай маған әрдайым сыпайы жауап беруге тырысады. «Әйел адамның қырық жаны бар» деген мақал бекерге айтылмаған-ау, басқа автобустардың ер жүргізушілеріне қарағанда жұмыс күндерінің қиыншылықтарына төзімділікті көбірек танытатын әйел жүргізушілер болып көрінді.
Басқа көшелермен жүретін марштруттарға кезек беретін болсақ, Алтын Орда – РВ 90 бағытында қатынайтын №47 автобусында бірнеше рет «Оңай» картамда бірлігім таусылыпты, жол ақысын қолма қол 80 теңге көлемінде төлесем бола ма деген өтінішіме кондукторлар жымия келісті. Қарасаңыз, ол жерде менен басқа да ақшалары жетпей жатқан жолаушылар солай береді екен. Бәрінің көңілін табуға тырысқан кондукторларға халық ризашылығын білдіріп жатады. Алайда №79 бағытында кондуктор болмағандықтан, жол ақысын жүргізушіге төлейді. Олар тіпті кішкентай балаларға дейін 150 теңге сұрап, аз берген жолаушымен сөз таластырып, қолма-қол төлеген жағдайда ешқандай жеңілдік жоқтығын дәлелдеумен әлек болады. Бір жағынан, күннің ыстығында желдеткіштері істемей, әрі ақша жинап алатын көмекшілері де болмай жүйкелері таусылған жүргізушілерді де түсінуге болатын шығар.
Қарап отырсаң, кейбір жағдайларда керісінше көріністер орын алады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, қоғамдық көлік қызметкерлері сыпайылық танытқан кезде, жолаушылардың ішінде соларға тиісер себеп таппай отыратындар болады. Бір кезде басқа нәрсеге жұлқынған жүргізушілер мен кондукторлар өштерін жуас халықтан алатындай. Білместік танытып сұрақ қоюларына мұрша бермей айғайға салатын қызметкерлер де баршылық, әрине.
Ендігі кезекте қалтасында ақшасы таусылып үйіне жете алмай жүрген жолаушылар. №50 автобусқа адамдар саябырлап азайған кезде екі адам болып, жүргізушіге ақшамыз жоқ деп, кеш бата барар орнымызға жетіп алуымызды өтіндік. Келісімін берген жүргізуші тіпті аялдамадан тыс жерде тоқтап, «қараңғыда кеш қалмаңдар» деп шығарып салды. Алтын орда мен қала арасына қатынайтын жеке меншік кішкентай автобустарға келетін болсақ, олардың кондукторлары да жүргізушілері де өте дөрекі келеді. Қалаға келе жатқан кездерінде адам көп болғандықтан тегін ала кету деген олардың түсіне де кірмейді. Қайтар жолдарында «50 ақ теңгеге апарамыз, орын тауып берем деп» халықты іші тар автобустарына шақырып әлек болады. Оларға бір ескерту жасасаң болғаны, сол автобустан түскенше дөрекілік танытып, қанша сөз айтылады.
Кептеліс кезінде іші лық толы автобустарға отырғанда «Оңай» картасын басуға қолымыз жетпей жатады. Мұндай жағдайда кезекті сыпайылық танытар кондукторлар, қол үшін созып, тез арада картамызды баса қояды. Аталған көріністі №118 бағытындағы автобустан жиі байқауға болады. Дегенмен, адам көп кезде телефонымды немесе әмиянымды ұрлатып алмайын деп қысылып тұрған халыққа зекіп, неге карталарыңызды ұрмай тұрсыздар деп дауыс көтеретін кондукторлар саны да аз емес. Бұлар №128, №38, №22, №92 автобустарының қызметшілері.
Қарт жандарға, баламен кірген жолаушыларға демеу көрсетіп, орын тауып беріп жататындары да бар. Ыстық кезде өзімді нашар сезініп тұрғанымды түрімнен біліп, №118 автобустың жүргізушісі өз қасына кішкентай орындық қойып тынығып алуымды сұрады. Бір жақсысы мұндайда халықта бей-жай қалмай, көмектерін беріп, суларын да ұсынып жатады. Ақшаның жетегінде кеткен кондукторлар автобустарына сыймай жатса да, көбірек адам жинаймыз деп ішке қарай бәрін тығыздап итереді. №303 автобусының кондукторы арбада жатқан баласымен кірген жас келіншекке «таксимен жүр, оған қоса, үлкен арбаңды ортаға қойып қойдың, заң жүзінде бұлай болмайды» деп сендірмек болды. Алайда жолаушылар жас келіншекке жақтасып, кондукторды орнына қойды.
Қалада қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланатын жолаушылардың басынан бұдан да көп оқиғалар өтіп тұратын шығар. Бірақ болған жайттың бәріне автобус қызметшілерін кінәлауға болмайды. Олардың кейбіреуіне халықтың тілі де емес, қолдары да тиіп кетіп жатыр. Сондықтан, сапалы қоғамдық көлікті пайдаланғымыз келсе, алдымен қоғамдық жерде өзімізді қалай ұстау керек екенін үйреніп, мәдениетті болуға шақырайық.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
