Алматылық көшеден тауыс тауып алған: Енді онымен не істерін білмей жүр
Алматы тұрғыны көшеден тауыс тауып алған. Құс шағын аудандардың біріндегі жеке үйлердің жанында серуендеп жүрген. Ер адам оны ұстап, қалалық хайуанаттар бағына беруге шешім қабылдаған. Дегенмен олар тауысты алудан бас тартыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Нұрбол Бақытжанның отбасы үй жануарына үйреніп кеткен. Бірақ әлі ат қоймадық дейді. Тауысқа әлі ат қойылмаған.
“Тауыс бізден қорықпайды. Балалар оны еркелетеді. Құс күйеуімнің қолында тыныш отырады. Бәлкім, ол ұстамды болғандықтан шығар”, – дейді Салтанат Ишкеева.
Нұрбол Бақытжан құсты кездейсоқ тауып алғанын айтты.
“Таңертең қақпаны жөндеп жатыр едім, тауысты көрдім. Алғашында өз көзіме өзім сенбедім. Шынымды айтсам, өзім шошып кеттім. Қарасам, шынымен тауыс екен. Оны иттер талап тастамас үшін көршім екеуміз барып ұстап алдық”, – дейді ер адам.
Тауыс қазір қорада тұрып жатыр. Тамағы мен суы бар. Күніне үш рет тамақтанады екен. Құс тары, алма, сәбіз және картопты жақсы көреді.
Ер адам тауысты Алматы зообағына бергісі келген екен. Бірақ ол жер алудан бас тартыпты. Хайуанаттар бағы өкілінің айтуынша, тауысты қабылдау үшін оны сынақтан өткізіп, бөлек торда ұстау керек. Ал бұл көп ақшаны қажет етеді.
“Құсты қабылдамаймыз. Себебі тауыс сирек кездесетін құс емес. Бұл ерекше күтімді қажет етпейтін құс. Тауыс Алматы мен Алматы облысының әртүрлі шаруашылықтарында өсірілетін тауық тәрізді құс”, – дейді Алматы хайуанаттар бағының ғылыми бөлімінің меңгерушісі Юлия Дудкина.
Хайуанаттар бағының өкілі құсты арнайы фермаға өткізуді ұсынды. Ер адам құсқа жаңа ие табу үшін әлеуметтік желіге тауыстың видеосын жариялады. Қазір ол алаяқтарға тап болудан қорқады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағының есепші-кассирі ақша жымқырды деген күдікпен қамауға алынған еді.