Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының туристік имиджіне қауіп төніп тұр: Кәсіпкерлер ынсапсыз таксистерге шара қолдануды сұрады

Алматы халықаралық әуежайында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы қалалық басқармалардың басшыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесу мақсаты – такси жүргізушілеріне қатысты өзекті мәселелерді шешу болды. 

"Биыл Алматыда туристтік ағын үлкен болады деп болжанып отыр. Осыған орай, туристік маусымда қонақтар ағынын шектейтін кез келген мәселелерді еңсеру керек. Осы мәселелердің бірі – жол ақысын асыра алатын такси жүргізушілері. Бұл әуежайда тұрақты түрде жұмыс жасайтын жүргізушілер емес, бір рет келіп, заңсыз ақша табуды шешкендер. Бұл мәселе шұғыл шешімді қажет етіп тұр", - дейді кәсіпкерлер. 

Сондықтан жиында қонақүйлер мен басқа да туристтік орындарда ақпараттық анықтаманы тарату қажет деген қорытындыға келді. Яғни, шетелдік қонақ такси жүргізушісімен кикілжіңге тап болса, тиісті анықтама арқылы кімге хабарласып, қалай арыз жазу керек екенін білетін болады.

Айта кетсек, Алматы әуежайында шетелдік азаматтардың алдынан кесе көлденеңдеп шығып, өз қызметін мәжбүрлеп ұсынатын, онымен қоймай, жолақы үшін ойға қонымсыз ақша сұрайтын такси жүргізушілеріне қатысты деректер жиі жарияланып жатыр. Мәселен, күні кеше ғана шетел азаматтарын жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.

Сондай-ақ шетелдік азаматты әуежайдан қонақүйге дейін 400 еуроға жеткізген такси жүргізушісінің жазаланғанын және әуежайдан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісінің анықталғанын хабарлаған болатынбыз.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 25 Мамыр, 2023 11:00
Талқылау