Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға сотталды
Алматы соты Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook.com/Алмасхан Ахмеджанов
Сот отырысы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.
Алмасхан Ахмеджанов билікті асыра пайдаланғаны және алаяқтыққа қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Алмасхан Ахмеджанов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те кінәлі деп танылып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, орташа қауіпсіздік жүйесімен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жер қатынастары басқармасының жерге орналастыру, жерлерді алып қою және резервте қалдыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұхамбетов те мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. 14 жылға бас бостандығынан айырылған Ерлан Жармұхамбетов жазасын орташа қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді.
Сондай-ақ бағалаушы компанияның директоры Алмазхан Бәкіров енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді. Ол сот залында қамауға алынды.
Негізгі сот процесі 2024 жылдың қыркүйегінде басталды. Айыпталушылардың қатарында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов, кәсіпкер Берік Өскембаев, бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бәкіров, жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов, сондай-ақ кәсіпкер, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Шалқарбеталы Мұқанбеков бар. Оларға сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, Алматыдағы жер мен құрылысқа рұқсаттарды ұрлауға қатысты күрделі заңсыз схемаларға қатысты деген айыпталды.
Алмасхан Ахмеджанов 2018 жылдың 20 желтоқсанынан 2023 жылдың 31 мамырына дейін қаланың қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы қызметін атқарған. Кейін ол жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдікті деп танылған. Шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, заңсыз істің нәтижесінде шенеунік мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірген.