Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаяу жүргіншілер жолын да қоршады": Алматылықтар Сәтбаев университеті айналасына қоршау орнатқандарға шағымданды

Сәтбаев университеті айналасыФото: Threads baglanciaga/fake_president_in_fake_country

Желіде Алматыдағы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті айналасын қоршап жатқаны түсірілген фото тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында университет айналасында түсірілген фотоны жариялады. 

“Айтарға сөзім жоқ. Сәтбаев университеті айналасын қоршап жатыр. Бұл жермен енді қалай өтуге болады? Ағаштардың орнына қоршаудың жанынан өту онша қызық емес”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Университет айналасындағы жөндеу жұмыстарына тағы бір желі қолданушысы шағым білдірді.

“Алматы әкімдігі және әкімі, сіздер қаладағы қоғамдық жерлерді осыншама арсыздықпен басып алуды дұрыс деп санайсыздар ма? Сәтбаев университеті айналасына қоршау қойып, қалаға тиесілі жерлерді ғана емес, Байтұрсынов көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолын да заңсыз қоршап алдыңыздар. Демек бұлай істеу әркімнің қолынан келеді деген сөз”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. 

Алматы қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, университет айналасындағы қоршау уақытша орнатылған. 

“Аталған учаскеде Геологтар аллеясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орнатылған қоршау уақытша және құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ нысан төлқұжаты бар ақпараттық баннер орналастырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау 2025 жылдың қазан айының соңына жоспарланған”, – делінген хабарламада. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 10 Шілде, 2025 15:52
Талқылау