Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық зейнеткер Корсика мен Сардиния арасындағы қауіпті бұғазды жүзіп өтті

Алматылық зейнеткер Корсика мен Сардиния арасындағы қауіпті бұғазды жүзіп өтті

Фото: Видеодан скрин

Алматылық 66 жастағы Асқар Оспанов ең күрделі әрі қауіпті бағыттардың бірі – Бонифачо бұғазын жүзіп өтті. Қатты ағысқа байланысты ол жоспарланған 15 шақырымның орнына 16 шақырымнан астам қашықтықты еңсерген. Бұл жетістікке ол жеті жылға жуық уақыт дайындалып, осы аралықта үнемі халықаралық жүзгіштермен бақ сынасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Асқар Оспанов 55 жасында өзінің алғашқы жүз метрін жүзіп өткен. Ал 60 жасынан бастап кәсіби түрде жүзумен айналысуға бел буды. Биыл қыркүйек айының соңында ол Франциядағы Корсика аралынан италиялық Сардинияға дейінгі бұғазды жүзіп өтті.

“Маған үлгі болып, алғашқы жаттықтырушыларыма айналған – спортта түрлі жетістіктерге жеткен ұлдары. Қазір түгел отбасымыз белсенді өмір салтын ұстанады: жарым скандинавиялық жүріспен айналысады, немерелерім мен жиендерім үлкендердің жолын қуып келе жатыр”, – деді. 

Зейнеткер 40 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Кеңседе отырып жұмыс істегеннен және волейбол ойындары кезіне жарақат алып, омыртқа мен буындары ауыра бастаған. Сондай-ақ тізесіне екі рет ота жасатқан. Оның айтуынша, сауығып кетуіне осы жүзу себеп болған.

Oceanmen-ге қатысқан ол 10, 5 шақырым қашықтықты бағындырып жүлделі болған

“Мен өзімді он жыл бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінемін. Тізе мен буындарыма екі рет артроскопия жасалды. Жүре алмай қалдым. Салмағым 95 келі еді. Қазір шамамен 10-12 келіге азайттым. Мойын омыртқамдағы жарық кетіп, остеохондрозды мүлде сезбеймін. Неге басқа адамдардың тарихи жетістіктеріне ұмтылмасқа? Ең бастысы сау дене болса рух та сау болады”, – дейді зейнеткер.

Асқар Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын, алдағы уақытта да жүзуді тастамай, көптеген белестерді бағындыруға дайын екенін айтты.

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Қазан, 2025 08:26
Талқылау