"16 жыл жатақханада тұрдым": Алматыдан үлкен жер үй алған Бақытхан апай ақша жинап, арманға жету жолындағы құпияларын бөлісті
Балалардың әзіл әңгімесі мен немерелердің сыңғырлаған күлкісі естілетін, әр бұрышы қуаныш пен шаттыққа толы шаңырақ – Бақытхан Байбураеваның көп жыл бойы үкілеп келген арманы. Балаларын жалғыз тәрбиелеген ана үлкен үйде тұруды көп жылдан бері армандап келген. Кейіпкеріміз осы жолда өмірін өзгерткен шешімдерден қорықпай, батыл қадамдар жасауға барды. Бақытхан апай Stan.kz ақпарат агенттігіне ауылдағы үйін сатып, ақша жинап, Отбасы банк арқылы Алматыдан үлкен жер үйді қалай алғанын айтып берді.
Балаларыммен жатақханада 16 жыл тұрдым
Жетісу облысы, Жаркент қаласының тумасымын. Сол жақта өсіп, оқып, 32 жылдан бері химия пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Бір ұл, бір қызымды жалғыз өсірдім. 1994 жылы қаламызда жаңа мектеп ашылып, жанынан мұғалімдерге арналған жатақхана салынды. Маған сол жерден орын тегін берілді. Жатақхана мен жұмыс істейтін мектептен алыстау еді. Ал ұлымның балабақшасы ерте жабылатын, сондықтан ол мені мектебімізде күзетші болып істейтін ағайдың үйінде күте тұратын. Жұмысымды аяқтаған соң, ұлымды алып, қараңғыда жаяу жатақханадағы үйімізге қайтатынбыз. Кейін жатақхананың жанындағы мектепке ауыстым. Сөйтіп сол жатақханада 16 жыл тұрдық.
Балаларым ер жете бастағанда “Қашанғы бір бөлмеде тұра береміз?” деп ойладым да, өңірдегі “Нұр Отан” партиясының кеңсесіне барып, көмек сұрадым. Бағыма орай, 10 соттық жер бөліп берді. Сол жерге жуынатын бөлме мен ас бөлмені қоспағанда үш бөлмелі үй салдық. Сонша жыл армандаған кең үйімізге кіргеніміз сол еді, ұлым мектепті тәмамдап, Алматыға оқуға кетті. Ал жаңа үйде қызым екеуіміз тұрдық. Бес жылдан соң Алматыға оқуға қызым да кетті. Үйде жалғыз қалдым.
Сол кезде “Ұлым пәтер жалдайды, қызым бауырымның үйінде, мен мұнда үлкен үйде жалғыз өзім не істеп жүрмін? Балаларым үйленсе де, қайтып келмейді ғой” деген ой мазалады. Алматыда балаларыммен бірге тұрғым келетінін түсіндім. Бірақ Жаркенттегі үйді сатып, түскен ақшаға үлкен үй ала алмайсың. Сондықтан үшін ақша жинаймын деп шештім.
Ақша жинауда 4 конверт әдісін қолдандым
Бір әріптесім Отбасы банктен шот ашып, ақша жинап жатқанын айтқанда онша сенбедім. Себебі ол уақытта жаңа нәрселерге сын көзбен қарайтын едік. Кейін Instagram-нан Дәулеттен деген блогердің видеосын қызығып көріп жүрдім. Ол үнемі ақша жинау, баспаналы болу, ипотека бағдарламасы арқылы үй алу, ақшаны дұрыс жарату жөнінде пайдалы кеңестер беретін. Әріптесім мен Дәулеттің айтқандарын өзім қорытып, бір шешімге келдім. Осылайша Отбасы банкінен шот аштым. Кішкентай кезімнен ешкім үйретпесе де, ақшаны жақсы жинайтынмын. Күнде ата-анам беретін ақшаны бірден жұмсап тастамай, жинап, өзім қалаған затты сатып алып жүретінмін. Бала кезімде қалыптасқан осы бір жақсы әдетім есейгенде көп көмектесті.
Ақша жинағанда 4 конверт әдісін қолдандым: яғни жалақымды теңдей төртке бөліп жұмсадым. Бір бөлігін коммуналдық төлемақы сияқты міндетті төлемдерге, бір бөлігін өзімнің, балаларымның азық-түлігіне, киім-кешегіне жұмсайтынмын. Енді бір бөлігін көңіл көтеру, қыдыру және тағы басқаға жарататынмын. Ал енді бір бөлігін бірден депозитке деп бөліп қойып, жинаққа салатынмын. Ақшаны үй аламын деп ашқан жинаққа салған соң өзіме “бұл ақша жоқ, ұмытып кет” дейтінмін. Басқа қажетіме ақша қанша жетпей жатса да, шұғыл бір жағдайға қаражат керек болса да, депозитке деп бөлінген қаражатқа тимейтінмін, оны жұмсамайтынмын. Өзіме осындай талап қойдым. Бұл – қаржыдан шектеу емес, керісінше өзіңді қаржылай сауатты болуға үйрету.
Депозитке салынатын, жинауым керек делінген ақша әуел бастан жоспарда болуы керек. “Артылған ақшаны жинаймын” деуге болмайды. Көп адам “қанша ақша тапсам да, жетпейді, артылмайды” дегенді жиі айтады. Иә, адамның табысы артқан сайын оның шығыны да көбейеді. Сол себепті ақшаны нақты мақсат қойып, алдын ала жоспарлап, арнайы бөліп алып, жинау керек. Қаражат жинау орайы келіп тұрғанда орындайтын емес, тұрақты іске айналуы керек.
Кейін ұлым үйленгенде келінім екеуіне де, қызыма да Отбасы банкінен шот ашқызып қойдым. Бес жылда 5 миллион теңгедей қаражат жинадық. Жаркенттегі үйді сатып, ақшасын депозитке салдық. Сөйтіп Алматы маңындағы Көксай ауылынан 30 миллион теңгеге үлкен әрі екі қабатты жер үй алдық. Сатып алған үйіміздің құнының 70%-ын жинаған екенбіз. Қалған 30%-ын төлеу үшін Отбасы банк арқылы ипотека рәсімдедік. Заемды небәрі 3,4% мөлшерлемемен алып, оны үш жылда төлеп біттік. Жиған-терген ақшама осы үйімізді сатып алсақ, ұлым мен келінімнің депозитке жинаған ақшасына оны жөндедік. Осыны адамдарға айтсам, сенбейді. Шотты ерте кезден ашқанымыздың, қаржыны 4 конверт әдісі арқылы жинап, тұрақты түрде салғанымыздың, бағалау көрсеткішін көтергеніміздің арқасында пайыз мөлшерлемесі аз болып шықты.
Арманымдағыдай әр баламның өз бөлмесі және қазақша бөлмеміз бар
Жатақханада тұрып жүргенімізде, төртінші қабаттағы балконнан далаға қарағанымды көрген бір туысымыздың баласы “Бақыт апай төрт қабатты үйде тұрады екен, төртінші қабатынан бізге қарады” деп, бәрімізді күлдірген. Сол кезде “шынымен де үлкен, көпқабатты үйім болса ғой” деп бір сәт армандағанмын. Қазіргі үйіміз шынымен де үлкен, кең әрі екіқабатты.
Бұрын үшеуміз ғана едік, ал қазір үлкен әулет болдық. Әр баламның, немерелерімнің, өзімнің жеке-жеке бөлмелеріміз бар. Блогерлер бір бөлмесін қазақы стильде жасап қоятынын көріп, қызығатын едім. Біз де үйіміздегі бір бөлмені “қазақша бөлме” деп атадық. Оған үйімізге келген қонақтар жайғасып, демалып, түнеп кете алады.
Қазір түрлі ипотека бағдарламалары, банктің түрлі ұсынысы бар. Соларды тиімді пайдалану керек. Мысалы, құдағиым өзіне, күйеуіне, бала-шағасына – бәріне “Отбасылық пакет” деген атаумен шот ашып, әрқайсына ақша салып отырды. Жыл соңында әр шотқа мемлекеттік сыйлықақы және банктен сыйақы түсіп тұрды. Сөйтіп Алматыдан бір бөлмелі пәтер рәсімдеді.
Баспана – адамның тамақ, сусын, киім-кешек сияқты ең негізгі қажетінің бірі. Адам жайлы үйде өмір сүрсе, оның болашағы, өмірге ынтасы жақсы болады. Сол себепті баспанасыз жүрген әр адамның өз шаңырағы болсын деп тілеймін!