Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі іске қосылмай қалғаны үшін шенеуніктер бостандығынан айырылды

Фото: sovross.ru

Алматыда жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі жұмыс істемей қалған соң, сапасыз жабдық орнатқан кәсіпкер мен оған қатысы бар бірнеше лауазымды тұлғаларға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратураның мәліметінше, 2024 жылғы 23 қаңтарда мегаполис аумағында болған жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі іске қосылмай, халық уақтылы хабарландырылмаған.

Тексеру барысында төтенше жағдайлар департаменті қызметінде аталған жүйені сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталған. 

Тергеуден кейін “TNS-INTEC” ЖШС-нің бас директоры жеке пайда табу мақсатында сапасыз жабдық жеткізіп, орындалған жұмыстар актілерін жалған ресімдегені, сол арқылы аса ірі көлемде мемлекет қаражатын ұрлағаны анықталды.

"Бұл іс бойынша Алматы гарнизонының Әскери соты үкім шығарды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің үш орынбасары жабдықты қабылдау кезінде немқұрайдылық танытқаны үшін, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдер тиісті бақылауды қамтамасыз етпегені үшін қылмыстық жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.

Сот барлық сотталушыларды кінәлі деп танып, бостандығынан айыру және мемлекеттік, сондай-ақ квазимемлекеттік органдарда белгілі бір қызметтерді атқаруға тыйым салу жазасын тағайындады.


Түркістан облысы мен Шымкент тұрғындары 2 баллдық жер сілкінісін сезді


Ауғанстанда 6,3 магнитудалық жер сілкінісі болды: Жеті адам қаза тапты


Еске салайық, 2024 жылғы 23 қаңтарда жер сілкінісінің дүмпуі Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында сезілген еді. Алматының кейбір тұрғындары жер сілкінісі ұзаққа созылып, шамамен бес минутқа дейін жалғасқанын айтқан. Қайталануы мүмкін деген қауіптен адамдар жаппай көшеге шыққан. Жер сілкінісі салдарынан Алматыда 8 адам жарақат алып, олар дереу қалалық стационарларға жеткізілген. Сол кезде төтенше жағдайлар департаменті өкілдері дабыл жүйесі тек сейсмикалық станциялар 5,5 және одан жоғары магнитуданы тіркегенде ғана қосылатынын айтып, ол түні "дабыл қосуға қажеттілік пен мән болған жоқ" деп мәлімдеген еді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 03 Қараша, 2025 13:43
Талқылау