"Дозасы 10 есе көп": Алматы тұрғыны танымал жеке клиникада салынған дәріден кейін қызы өлім аузынан қалғанын айтты

Алматы тұрғыны жеке клиникада жасалған медициналық қателік салдарынан бір жасар қызы өлім аузынан қалғанын жазды. Әйелдің сөзінше, “Эмирмед” клиникасының процедуралық кабинетінде қызына тағайындалған дозадан 10 есе көп препарат салынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаны алматылық Ерке Ерболқызы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады. Оның айтуынша, бәрі қызының энтеровирус жұқтыруынан басталған. Педиатр маман бүлдіршінге ем тағайындаған. Жазылған дәрілердің ішінде жүрек айну мен құсуға қарсы қолданылатын “Церукал” препараты да болған.
“Келесі күні сенбіде тамшылатып дәрі қоятын жақын маңдағы процедуралық кабинеттерді іздедім. Жақын маңда тек “Эмирмед” клиникасы жұмыс істеп тұр екен. Басқа клиникалардың көбі жабық болды”, – деді Ерке Ерболқызы.
Осылайша әйел Тұрар Рысқұлов даңғылындағы Domilion сауда орталығында орналасқан "Эмирмед" клиникасына барған.
“Дәрігер жазып берген барлық препаратты клиника жанындағы дәріханадан сатып алдым. Сосын процедуралық кабинет қызметіне ақы төлеп, медбикеге бардым. Алайда жүйені дайындау кезінде күмән тудырған жайтты байқап қалдым. Медбикенің “Церукалдың” екі ампуласын алып жатқанын көріп: “Тағайындауда 0,4 деп көрсетілген, екі ампула – төрт миллилитр салғалы жатырсыз ба?” деп сұрадым. Ол препараттың физерітіндімен араластырылатынын және сол дұрыс екенін айтты. Мен медбике ғой деп, қарсыласпадым”, – деп жазады алматылық.
Фото: Threads скрин
Әйелдің айтуынша процедура кезінде қызы қатты жылаған. Ол қызының жылауына медбикенің тамырды таба алмауы себеп болды деп ойлаған. Ал дәрі салынған соң бала ұйықтап қалып, ұзақ уақыт оянбаған. Әдетте бүлдіршін екі сағаттан артық ұйықтамайтын еді дейді анасы.
“Қызымды оятуға тырыстым, бірақ ол әлсіз күйде қайта ұйықтап кетіп, жылай берді. Үш сағат өтті. Сол кезде тағайындалған дәрілерді қайта қарап, бірден педиатрға жаздым. Ол: “дереу жедел жәрдем шақырыңыз” деді. Жедел жәрдем бізді Балалардың бірінші клиникалық ауруханасына алып кетті. Сол кезде күдігімнің рас екенін түсіндім. Әлгі медбике қызыма жасына арналған мөлшерден 10 есе көп, яғни 4 миллилитр препарат салған”, – дейді ол.
Салдарынан бала ауруханаға жатқызылған. Әйелдің сөзінше, реаниматолог 4 миллилитр дозаның салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
“Осыдан кейін күйеуім “Эмирмедке” барып, жағдайды анықтауға тырысты. Бірақ олар нақты шешім не өтемақы жөнінде ештеңе ұсынбады”, – деп жазады Ерке.
Фото: Threads
Кейін клиника өкілдері қыздың анасына хабарласып, жағдайын сұраған. Сондай-ақ аурухана дәрігерлерінен балаға жақсылап қарауды сұрағанын айтқан. Анасының сөзінше, аурухана тарапы онсыз да балаған тиісті күтімді жасаған.
“Мәселені сот арқылы шешетінімізді айттым. Десе де клиника өкілдері өздерін жауапты санамайтынын айтып, кінәні медбикелерге жабуға тырысты. Қызметкерлердің әрекеті үшін клиника жауап бермейді деді”, – деп жазады ол.
Баласы зәбір көрген ана клиника қызметі мен ондағы дәрігерлердің біліктілігін тексеру қажет екенін айтты. Өйткені олардың салғырттығынан қанша адам зардап шеккені белгісіз дейді әйел.
“ЭмирМед” клиникасы не дейді?
“ЭмирМед” клиникасының мәліметінше, орталық қызметкерлері тағайындауға өз бетінше өзгерістер немесе түзетулер енгізген жоқ.
“7 ақпанда баланың ата-анасы “Эмирмед” медициналық орталығының процедуралық кабинетіне басқа медициналық мекеменің, яғни Киндермед медициналық орталығының дәрігері берген жазбаша тағайындауымен жүгінген. Процедура ата-ана ұсынған тағайындау негізінде, тәжірибесі мол мейірбике тарапынан орындалды. Медициналық орталық қызметкерлері тағайындауға өз бетінше өзгерістер немесе түзетулер енгізген жоқ”, – делінген хабарламада.
Олардың мәліметінше, ата-ана ұсынған тағайындау парағына сәйкес келесі препараттар енгізілді:
- NaCl ерітіндісі 20 мл + дексаметазон 0,4 мг;
- NaCl ерітіндісі 20 мл + церукал 0,4 мл;
- дисоль 30,0 мл + NaCl ерітіндісі 20 мл + С дәрумені 2,5 мл.
Эмирмед тарапы балаға салынған препарат дозасы дәрігер көрсеткен көлемге толық сәйкес келетінін айтты.
“Дозалар басқа медициналық орталықтың емдеуші дәрігері жазбаша түрде көрсеткен көлемге толық сәйкес келді. Процедуралар санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүргізілді. Процедураларды жүргізу және аяқтау сәтінде баланың жағдайы қанағаттанарлық болды. Препарат дозасының он есе артық енгізілгені туралы ақпарат нақты деректермен расталмайды”, – делінген жауапта.
Эмирмед мәліметінше, аталған жағдай бойынша клиникада қызметтік тексеру жүргізілді.
“Қажет болған жағдайда уәкілетті органдардың ресми сұрауы бойынша қажет құжаттама мен бейнебақылау жазбалары ұсынылады. Медициналық орталық қызметкерлерінің әрекеті үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан заңнамасына сәйкес медициналық ұйым өз қызметкерінің әрекеті үшін жауапты болады”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар “Эмирмед” медициналық орталығы жағдайды объективті және жан-жақты қарастыруға мүдделі екенін мәлімдеді.
Клиниканың қызметіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сұраным хат жолдадық. Министрлік қазір жоспардан тыс тексеріс жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
“Алматы қаласы бойынша аумақтық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті түскен өтініш негізінде тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізуге дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспардан тыс тексеру аяқталған соң өтініш иесі тексеріс құжаттарымен таныстырылады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Пластикалық ота жасатқан қазақстандық әйелдер профессордың салғырттығынан денсаулығына зиян келгенін айтып, шағымданғаны туралы жазған едік.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған