9 шабуылға тойтарыс берген: Aport Mall бұзақылардың сауда орнына жасаған шабуылы туралы айтып берді
Алматыдағы қақтығыстар кезінде шабуылдаушылар қолынан зардап шеккендер арасында Aport Mall сауда орталығы бар. Орталық қызметкерлері 5-7 қаңтар аралығында террористердің 9 қарулы шабуылына өз бетінше тойтарыс берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
фото: AportMall баспасөз қызметі
AportMall қауіпсіздік қызметі, орынды жалға алушылар, сауда орнының қызметкерлері және халық жасағы джиптер мен жүк көліктерімен келген террористер мен қарақшылардың 9 қарулы шабуылына өз бетінше тойтарыс берген.
Шабуылдаушылар автоматты мылтық және суық қарумен қаруланған. Қарулы содырлар мылтықпен атып, сауда орындарын өртемек болған. Осы ретте 10 қызметкері жарақат алды, қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ екені хабарланды.
Ұрланған тауарлардың иелеріне қайтарылуы мүмкіндігі туралы Stan.kz тілшісі cауда орталығының өкілінен сұрап білді.
“Қанша содыр келгенін нақты айту қиын. 9 шабуылға сауда орындарының қызметкері тойтарыс берді. Дегенмен террористер орталыққа кіре алды. Тонаушылар азық-түлік, электроника, киім және аяқ киім дүкендерін, коммерциялық дүңгіршектерді тонады. Көбіне техника сататын дүкендер зардап шекті, зергерлік дүкендер мен Magnum гипермаркеті қирады. Киімдер дүкені қатты зардап шеккен жоқ. Техника түрлері мен банкоматтар да сау қалған жоқ.
Осы орайда Magnum-дегі тауарлардың қайтарылуы туралы айту қиын. Олардың барлығы дерлік азық-түлік. Ұрланған электронды техника бойынша айтсақ, телефондарды бұғаттап, олардың қайда екенін білуге болады деп ойлаймын. Қайткенмен де, заттар иелеріне қайтарылуы мүмкін деген үміт бар”, – деді AportMall сауда орталығының баспасөз өкілі.
Айтуынша, сауда орталығын жалға алушыларының жартысынан көбі зардап шеккен.
“Шығын есептеліп жатыр, бірақ сауда орталығының жалға алушыларының жартысынан көбі зардап шекті деп айтуға болады”, – деді орталық баспасөз қызметінде.
AportMall өз кезегінде мемлекеттен көмек сұрамайтынын, тек шынымен ауыр шығынға ұшыраған, барлық зардап шеккен жалға алушыларға көмек пен қолдау беруді сұрады.
“Барлық серіктестеріне осы қиын уақытта қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бірден ашылады”, – деді орталықтың баспасөз қызметінде.