Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы ІІМ академиясында оқып жатқан 185 қызметкер вирус жұқтырған: Жақындары неге үйлеріне жібермейтінін түсінбей дал

Алматы қаласындағы Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясында оқып жатқан құқық қорғау қызметкерлерінің жақындары Stan.kz редакциясына хабарласып шағымдарын айтты. Олардың сөзінше, 6 айлық оқу үшін еліміздің  жан-жағынан жиналған қызметкерлердің дәл қазіргі жағдайы қиын. Өйткені, оқып жатқан 185 қызметкер басым көпшілігі вирус жұқтырған. Коронавирустың өршіген шағында қызметкерлерді неге оқуға шақырды? Қашықтан оқуға неге рұқсат жоқ? Оқу орнының басшылығы жауап берді. 

Редакциямызға хабарласқан ата-аналардың айтуынша, академиядағы ахуал мәз емес. Олардың сөзінше академия басшылығы қызметкерлердің жағдайына пысқырып та қарамайтын көрінеді. Тынысы тарылып, өкпесі қабынып жатса да академия медқызметкерлері көмек қолын созбаған. Тіпті, медициналық масканы оқу басталғалы бермеген дейді олар. 

"Жақында қызым хабарласып, академияда жағдай күн сайын қиындап бара жатқанын айтты. Бүкіл Қазақстаннан жиналған 185 адамның барлығы дерлік ауырып жатыр екен. Алайда ешқандай көмек жоқ деп отыр. Академияның медқызметкерлері көмектеспейді, жедел жәрдем кіргізбейді дейді қызым. Өзінің дәм сезбей, басы ауырып жүргенін айтады. Қамап ұстап отыр десем болады дейді. Жалғыз тілегіміз - балаларымыздың амандығы. Сондықтан қашықтан оқуға рұқсат берсе екен", - деген ана жағдайдың күннен-күнге ушығып бара жатқанын айтып дабыл қақты. 

Академия басшылығы іште болып жатқан жағдайды біліп отырса да қашықтан оқуға жіберуге асығар емес дейді ата-аналар.

"Академияға оқуға келгендердің арасында 30-дан аса қыздар бар. Ауырғандарға дәрі-дәрмек жоқ деп отыр. Жататын орындарға дезинфекция жасалмайтын көрінеді", - дейді баласын ойлап уайымдаған ана. 

Академия басшылығымен байланысқа шыққанымызда олар бұл ақпараттың бәрін жоққа шығарды. Ата-ананың баласын уайымдағаннан айтқан назы болар деп түсіндірді. Редакциямызға келген ресми хатта:

"20 маусым мен 19 желтоқсан аралығындағы оқу курстарын өткізу үшін акдемияға санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша оң шешім қабылданды.

Тыңдалушыларды алғашқы кәсіби даярлық курстарына қабылдау  ПТР тесті қорытындылары бойынша қатаң түрде жүргізілді. Коронавирустық инфекцияның алдын алу және академияның барлық бөлмелерінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы үшін дезинфекция тұрақты түрде жүргізіледі, санитарлық тазартқыштар орнатылған. Температураны өлшеу, жеке қорғаныс құралдарының болуына бақылау өткізу пунктінде тиісті тексеріс жүргізіледі" - делінген.

Сондай ақ, тыңдалушылардың маскада жүретіні және әлеуметтік арақашықтықты сақтайтыны айтылған. Ал қашықтан оқуға жіберілмеуінің себебі кейбір құпия сабақтардың жария болып кетпесі үшін деп түсіндірді. 

"Оқу бағдарламасында бірқатар арнайы пәндерді оқу қарастылған, оның ішінде шектеулі ақпараттар бар екенін хабарлаймыз. Осыған байланысты тыңдалушыларды қашықтан оқыту форматына ауысу осы жылдың 31 шілдесіне жоспарланған", - деді академия басшысы. 

Академия басшылығы балаларын ойлап уайымдаған ата-аналарды корпусқа келіп, шын мәнінде жағдайдың жақсы екенін өз көздерімен көруге шақырды. 

 

 

Талқылау