Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы "Байсат" базары 2 миллиард теңге жеңілдікпен де өтпей тұр

Байсат базары аукционға қойылдыФото: e-auction.e-qazyna.kz

26 желтоқсанда бұрын Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы "Байсат" базары 26,7 млрд теңгеге саудаға шығарылғанымен, оған сатып алушы табылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметерге сенсек, аукцион E-Qazyna порталында өтті. Бастапқы баға 26,706 миллиард теңге. Бұған дейін, 18 қарашада, "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" (ҚАБК) нысанды 28,639 миллиард теңгеге сатуға қойған еді. Алайда бағаның шамамен 2 миллиард теңгеге арзандауы да инвесторлардың қызығушылығын оятпады.

"Байсат" базары туралы не белгілі

"Байсат" ірі көтерме-бөлшек сауда орталығы, мұнда жүздеген кәсіпкер жұмыс істейді. Бұрын "Байсат" көтерме-бөлшек сауда орталығы" ЖШС-дегі үлес Қайрат Сатыбалдының отбасына аффилирленген құрылымдарға, соның ішінде оның ұлына тиесілі болған.

2024 жылдың басында Алматы қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде базардың бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Компания соңғы екі жылда мемлекеттік келісімшарттар арқылы 292,298 миллион теңге табыс тапқан. Қызмет еткен кезеңінде 999,6 миллион теңге салық төлеген.

Соған қарамастан, "Байсат" базары ауқымы, орналасқан жері және коммерциялық әлеуеті тұрғысынан әлі де маңызды актив саналады.

Қайрат Сатыбалды кім?

Қайрат Сатыбалды қазақстандық кәсіпкер және бұрынғы мемлекеттік қызметкер, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені ретінде кеңінен танымал.

1990-2000 жылдары ол:

  •  Астана қаласы әкімінің орынбасары,
  •  KazakhOil компаниясының вице-президенті,
  •  "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ-тың бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды.

2010-жылдардың басында Қазақстандағы ең ықпалды әрі бай тұлғалардың бірі саналды. Өз инвестициялық құрылымдары арқылы Kaspi.kz, Kazakhtelecom сияқты ірі компанияларда үлесі болған.

2022 жылдың наурызында ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемде ұрлық пен ысырап ету айыптарымен ұсталды. Сол жылдың қыркүйегінде сот оны:

  • 6 жылға бас бостандығынан айыруға,
  • мүлкін тәркілеуге,
  • атақ-дәрежелерінен айыруға,
  • мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыруға үкім шығарды.

Кейінірек жаза бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, заңсыз алынған активтердің едәуір бөлігі мемлекетке қайтарылды.

Тергеу аясында Сатыбалды мен оған қатысы бар құрылымдар шамамен 1,6 млрд АҚШ долларына тең активті мемлекетке өткізген. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік, ақшалай қаражат және бағалы заттар бар.



Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының ұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 миллион доллар) түскенін жазған едік.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 10:21