Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хәл үстіндегі әкемнен қылмыскер жасамақ": Алматыдағы автобус апатына байланысты жүргізушінің қызы жанайқайын жеткізді

Алматыда болған автобус апатынан бірнеше адам зардап шекті. Ең ауыр жарақат алған кісі – қоғамдық көліктің жүргізушісі. Ауыр хәлде төсекке таңылып жатқан автобус жүргізушісінің қызы “Көреміз” бағдарламасынан көмек сұрап, өз шындығын айтты. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Айта кетейік, Алматы қаласында 5 наурыз күні автобус апаты тіркелді. Сүйінбай даңғылымен келе жатқан 85 маршруттағы қоғамдық көлік бетон бағанға соғылған. Айыпты деп көлік жүргізушісі Өмірсерік Дүйсенбаев танылды.  

                “Автопарк иесі “Әкеңнің тірі қалғанына шүкір ет” деді” 

“Өзім үйдің жалғыз баласымын. Ата-анам бөлек тұрады. Мен ес білгелі әкем – көлік жүргізушісі. Биыл 30 жыл болады. Бұрын-соңды мұндай ауыр оқиға болмапты. Әкемнің үстінен іс қозғалғанын теледидардағы жаңалықтардан білдім. Қазір ол кісі ауыр хәлде ауруханада жатыр. Тізесі салбырап, төсекке таңылып қалды. Сол жерде болған жолаушылар әкеміздің кінәсі жоқ екенін айтады. Бізге де хабарласты. “Айтып та, жазып та куәлік етеміз. Ол кісінің кінәсі жоқ” деп жатыр. Автопарк иесі бір-ақ рет сөйлесті. Әкеңнің тірі қалғанына шүкір де. Қалғанының бәрі жақсы. 2-3 айда жазылып кетеді” деген жауап алдым. Дәрігерлер әкемнің жағдайы ауыр екенін айтты. Аяғы 14 жерден сынған. Күні кеше ғана екінші рет ота жасалды”, – деп көз жасына ерік берді Алтынай Өмірсерікқызы. 



Сонымен қатар жүргізушінің қызы оқиғаның қалай болғанын бүкпесіз баяндап берді. 

                               “Жаңалықтар жалған ақпарат таратты” 

“Оқиға 5 наурыз күні болды. Сол күннен бір күн бұрын жер сілкініп, әкеме хабарласып, “абай болыңыз” деп айттым. Таңертеңгісін “Жұлдыз” ықшамауданына барып, жұмысқа келгенін растап, журналған тіркелген. Сол жақтан шығып, Сүйінбайдың бойымен келе жатқан кезде екі жол шығады. Көпірдің астымен өтетін де жол бар. Әкем тізгіндеген автобустың дәл жанынан ақ машина қатарласып шығып, алдынан қиып өткен. Соны қағып кетпес үшін, рөлді солға бұрып жіберген. Содан кейін осындай оқиға болып отыр. Ол кезде автобус ішінде 5-6 адам ғана болған. Төртеуі жарақат алып, ауруханада жатыр. Екеуі амбулаториялық ем алып, үйіне шыққан. Оның бәрін жаңалықтардан естідім. Бірақ әкем туралы айтқан жоқ. Жаңалық жалған ақпарат таратып жатыр. Әкем 6 күн жансақтау бөлімінде жатты. Жүргізуші кінәлі, себебі рөлді бұрып жіберген. Үстінен қылмыстық іс қозғалды деп айтты”, – деді Алтынай. 

Алайда, оқиға болған сәтте автобустың артқы жағында отырған жолаушы да халыққа беймәлім құпияның шетін шығарды. 

                     “Екінші қатарға шықпағанда көліктің артын соғатын еді”

“Біз Сүйінбайдан шығып, Шолохов көшесіндегі базарға жете бергенде қиылыстан жеңіл машина шыға қалды. Ол автобусты өткізу керек еді, бірақ қатарласып қалды. Сол кезде жүргізушінің жылдамдығы да қатты болмады. Екінші қатарға қашып, жол жиегіндегі бағанаға соғылды. Егер екінші қатарға шықпағанда көліктің артын соғатын еді. Ол кісі біздің өмірімізді сақтап қалды. Содан кейін жедел жәрдемді мен шақырдым. МАИ қызметкерлерін кім шақырғанын білмеймін. Өйткені басқа адамдар “жүргізушінің жағдайы ауыр” деп айқайлап жатты”, – деді автобус жолаушысы Әсел Даукенқызы. 

Бағдарлама сарапшыларының айтуынша, бейнебақылау камераларын тексеріп, сараптама жасалуы керек екен. Алайда оқиға болардан 20 секунд бұрын автобустың алдында орнатылған камера істен шыққан. 

“Әкемнің алдына камера орналасқан. Автопаркке барып, камераны көрсетуін талап еттім. Бірақ 20 секунд бұрын камера істемей қалыпты. Бір автобуста 3-4 камера орнатылады екен. Біреуі де жасамай тұр деп айтты”, – деді жәбірленушінің қызы. 

Эфир соңында заңгер жәбірленуші тараппен сөйлесіп, автобус жүргізушісінің күдіктіден жәбірленушіге ауыстырылғанын хабарлады. Іс әріқарай тиісті деңгейде жүргізілмек. 

Талқылау