Алматыда жүздеген талапкерді оқуға қабылдамаған полиция академиясында шу шықты
Фото: Видеодан скрин
Алматыда жүздеген талапкерді оқуға қабылдамаған полиция академиясында шу шықты. Үміттері ақталмаған түлектердің ата-анасы енді іске Ішкі істер министрлігінің араласып, оқу орнына тексеру жүргізгенін сұрайды. Олар грантқа қабылдау конкурсы әділ өтті дегенге сенбей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыдағы ішкі істер министрлігінің академиясына қабылдау науқаны биыл үлкен дауға ұласты. Балаларының оқуға түспей қалғанын енді білген ата-ана, тауы шағылған үміткерлер ғимарат алдында кешеден бері отыр. Олар емтихан өткізген комиссия шешімімен келіспейді. Сөздеріне сенсек, жоғары балл жинап, нормативті үздік тапсырған талапкерлер сыртта қалған.
"Мұның шекті балы 50. Бізге 50+ болсын деген, балам 75 балл алды. Біз өтіп тұрмыз, бірақ баламның сағын сындырып тұр. Ешқандай себеп жоқ. 52, 56 балмен түсіп кеткендер бар. Менде кімнің қанша теңге беріп, кімге қалай ұсынғанының видеосы бар", – деді ата-ана Жанар Мырқасымова.
Тағы бір ата-ананың бірі Асхат Шәріпов нағыз полиция болатын адамдарды қабылдамай отырғанын айтып ашуланды.
"Мына жерде қаншама Жас Ұланнан, спорт шеберінің кандидаттары бар, солардың ешқайсысы өткен жоқ. Өз еркіммен оқудан бас тартамын деген қағазға қол қойдырып алған. Балаға қысым көрсеткен", – деді ата-ана.
Академия басшылығының мәлімдеуінше, бұл оқу орны полицейлерді тек мемлекеттік грантпен оқытады. Ақылы негізде жоқ. Биыл 300 орын бөлінген, ал оған 700 талапкер үміткер болды дейді. Ал төмен балмен түскендер, сөзге сенсек, бұйрыққа сай жеңілдіктерін қолданыпты.
"Әділ өткеніне 100% кепілдік бере аламыз. Адам көп болғаннан кейін өтетін балдың көрсеткіші биыл жоғары болды. Сондықтан кейбір мамандықтар бойынша тіпті 70-тен астам балл алған балалар өкінішке қарай мандаттық комиссиядан өте алмады", – деді Мақан Есболатов атындағы алматы академиясы басшысының орынбасары Ержан Бимолданов.
Алматыдағы полиция академиясының өкілдері оқуға қабылдау жұмысы толық аяқталғанын мәлімдейді.
"Жүзден аса студент бар": Елордалық IT колледжінің түлектері мемлекеттік грантсыз қалмақ
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында студентті диплом қорғауға жібермей, әскери комиссариатқа алып кеткенін жаздық. Тұрғындардың айтуынша, жігіттердің біріне тіпті диплом қорғауға да рұқсат етпеген. Зардап шеккендердің бірінің анасының айтуынша, 18 маусым күні таңғы сағат 9:00 шамасында оның ұлы дипломдық жұмысты қорғауға Прогресс колледжіне бара жатқан. Бірақ оны әскерилер оқу орнының кіре берісінде ұстаған.