Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ағаш сирек кездесетін спорткарды басып қалды

көлік үстіне ағаш құладыФото: Threads aaarsenovich

Алматыда жаңа тұрғын үй кешенінің жанында, жол жиегінде тоқтап тұрған көліктің үстіне ағаш құлады. Оқиға болған жерде жаяу жүргіншілер жүретін жол болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жағдайды Амир есімді алматылық Threads желісіндегі парақшасында баяндады. Оның сөзінше, жағдай 2 қазан күні жаңа тұрғын үй кешен маңында болған. 


"Пәтер алуға ақша жинап жүрген, бірақ үлгермеді": Үстіне ағаш құлап мерт болған әйел жайлы әріптестері естеліктерін бөлісті


Алматыда есепші жұмысқа бара жатқан жолда көз жұмды: Өліміне ағаш себеп болған


“2 қазан таңертең Алматыда жол жиегінде тоқтап тұрған көліктің үстіне ағаш құлады. Ал дәл қасында жаяу жүргіншілер жүретін жол болды. Ағаш құлау сәтінде ол жерде адамдар болуы да мүмкін еді. Оқиға жаңа тұрғын үй кешендерінің маңында болды. Енді бұл іске кім жауапты болады? Көлік иесіне келтірілген шығынды кім өтейді? Мұндай жағдайлар жай ғана кездейсоқтық емес. Бұл қауіпсіздік мәселесі”, – деп жазды ол.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрады. 

“Оқиға Алмалы ауданы Төреқұлов көшесі 95 мекенжайында болды. Тексеріс барысында ағаштың тротуар бойында, қоршаудың жанында өскені анықталды. Ағаштың санитарлық жағдайы қанағаттанарлық. Тұқымы – "Қарағаш", жасы 35 жылдан асқан, діңінің диаметрі 50 милиметрден жоғары. Ағаштың діңінде, бұтақтарында немесе тамырында шірік, ауру, сынған-бүлінген жер жоқ. Тек сыртқы тексеріс нәтижесінде бұтақтарының немесе тұтас ағаштың құлау ықтималдығын болжау мүмкін емес, себебі қурау белгілері жоқ. Материалдық шығын бар. HiPhi Z маркалы автокөліктің панорамалық төбесі мен тіреуішіне зақым келген. Көлік иесімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ әкімдік қазір құлаған ағашты шығару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ағаш бұтағы құлап, бір адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 17:03
Талқылау