"Баған ашық жатты": Алматыда тұрғын үй ауласында баланы тоқ соқты
Фото: Видеодан скриншот
Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында балалар алаңында ойнап жүрген бойжеткен шам бағанының жанында тоқ соққан. Полиция тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің анасы қызының Навои көшесіндегі ауласында ток соққанын айтқан. Қыз 220 вольттық шам бағанының теміріне тиіп кеткен. Себебі тоқ ашық жатыпты.
"Қызым қиыршық тастармен ойнап отырды, шығып тұрған арматураға қолы тиді. Ток соғып, ол бірден құлап қалды. Қолын әрең шығардым, өзімді де ток соғып жіберді. Жедел жәрдем шақырдық, қазір бала күйік алып, жансақтау бөлімінде жатыр", – деді әйел.
Бұл жердің құрылысына Rams Kazakhstan компаниясы жауапты екен.
Жәбірленушінің анасы әкімдік пен құрылыс салушыдан оқиғаның мән-жайын анықтап, шара қолдануды талап етеді.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қыздың жағдайы туралы айтып берді.
"Ол шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жедел жәрдем бөліміне жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Одан кейін мамандандырылған күйік бөліміне ауыстырылды. Жағдайы орташа және тұрақты", – деп жауап берді департаменттегілер.
Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі де бұл оқиға бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімшесі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Істің объективті мән-жайлары анықталғаннан кейін заңға сәйкес шаралар қолданылады", – деп хабарлады полиция.
Еске салсақ, Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған еді.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
