Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысындағы сауда орталығында 4 жасар қызды тепкен шетелдік екі айға қамауға алынды

Алматыдағы сауда орталығында 4 жасар қызды тепкен шетелдік азамат екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде кәмелетке толмаған баланы тепкен ер адам екі ай мерзімге қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Күдікті жауап алу барысында оқиғаны баяндап, өз кінәсін толық мойындады.

"Кеше маған сауда орталығында қыз баланың тепкіден құлағаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл жайт "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді. Әрекетті жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Алматы облысының Полиция департаментімен байланыстамын. Бұл факт бойынша сот шешімі күшіне енгеннен кейін, жазасын мұнда өтегеннен кейін оны ҚР шекарасынан шығаруға бағытталған сот процесі басталады", –  деп жазды Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, уәкіл заңнамада балаларға қатысты қылмыстың осындай құрамына байланысты бап жоқ екенін атап өтті. Сондықтан, айыпталушы "кәмелетке толмағанға қатысты жасалған іс-әрекет" деген ауырлатушы біліктілік белгісі де жоқ "Бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартылады.

"Осыған байланысты біз қазір Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, заңнамаға балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты тиісті баптарды енгізу жұмысын бастадық. Жалпы, түзетулер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты әртүрлі саламен байланысты. Заңнамаға ұсыныстар пакетін ҚР Парламентіне осы күзде беруді жоспарлап отырмыз", – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында ойын-сауық орталығында төрт жасар қызды себепсіз тепкен Түркия азаматы ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау