Алматыда самокат мінген қыз әйелді қағып оқиға орнынан қашып кетті
Фото: Facebook.com/olga.antropova.542212
Алматыда қыз самокатпен 55 жастағы әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде жол апаты болған сәтте түсірілген суреттер тарады. Полиция қызды іздестіріп жатыр.
“Әуезов аудандық полиция басқармасына самокатпен жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түсті. Алтынсарин көшесі мен Абай даңғылының қиылысында белгісіз қыз самокатпен келе жатып, жаяу жүргінші әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кетті", – деп хабарлады ведомство.
Жедел жәрдем 55 жастағы әйел қолын жарақатымен №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізді.
“Аталған факті бойынша тергеу басталды. Қазір полиция қызметкерлері самокат жүргізушісінің жеке басын анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғасы орнынан қашу, оның ішінде самокатпен болған жағдайлар да құқықбұзушылық болып саналады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Тексеру нәтижелері бойынша кінәлі адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деді полициядағылар.
Сәтбаевта автокөлік бір топ жасөспірімді басып кете жаздады (видео)
Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бастапқы тексерістен кейін дәрігерлер шұғыл түрде қажет диагностикалық шараларды жүргізген. Атап айтқанда, рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу және сынған жерге блокадамен ауырсынуды басқан.
"Тексеру нәтижелері бойынша диагноз қойылды: оң жақ білектің сәуле сүйегінің көп жарықты жабық сынуы және шынтақ сүйегінің шылауыт өсіндісінің сынуы. Мамандар сүйек сынықтарын жабық әдіспен орнына келтіріп, гипстік лонгета салды", – делінген хабарламада.
Дәрігерлер науқасты шұғыл түрде ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екенін айтты. Ол тіркелген емханасы бойынша хирург пен травматологтың амбулаториялық бақылауына жіберілді.

"Мұғалімдерді заңсыз жұмыстан шығарады": Блогер Алматыдағы №12 гимназияның бұрынғы директоры әлі күнге дейін мектеп ісіне араласып жүргеніне шағымданды
