Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүздеген адам жинайтын форумдарда неге қазақ тілі еленбейді?

Кейінгі уақытта Қазақстанда ұйымдастырылатын форумдарда қазақ тілінің еленбей жүргені желіде жиі айтылып, талқыланып жүр. Stan.kz тілшісі осы мәселеге назар аудармақ.

Stan.kz

Жақында ғана Алматыда өткен XX мерейтойлық халықаралық PR-форумына қатысып келдік. Залға кіре сала, баннерде үш тілде жазылған форумның тақырыбына көзіміз түсті. Қазақша бірінші тұр, бірақ қате. Тікелей орыс тілінен аудара салған. 

“Нарықтың дамуына мүмкіндіктер “терезесі” бұл – PR POWER”.  Мүмкіндіктер терезесі деген не? Қазақша ойлап, жазатын адам оны қалай түсінеді?

Stan.kz

“Форум ұйымдастырушыларына қате бар екенін айтып, фотосын түсіріп жібердік. Талқылауға шақырдық. Алайда бізбен сөйлесуге уақыт таппады. Бізше,  бұл – проблеманы тиісті деңгейде бағаламау, көзге ілмеу.
Форум өту барысында тағы бір үлкен мәселенің беті ашылды. Форум – халықаралық, бірақ бір ғана панель қазақ тілінде. Экрандағы орыс тілінде дайындалған слайдтардың қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Тіпті қазақша сессия кезінде де экранда орыс тіліндегі тақырыптар жарқырап тұрды. Қазақша нұсқасын көрмедік”, – дейді форумға қатысушы Stan.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Назерке Мұса.

Stan.kz

Жақында тағы мынадай жаңалыққа көзіміз түсті. 

30 мамыр күні Астанада өткен қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың VII форумының ұйымдастырылуы да сынға қалыпты. 

Zhasalash.kz басылымының жазуынша, форум қазақ тілінде басталғанымен, алғашқы панельдік сессияда модератор да, спикерлер де тек орыс/ағылшын тілдерінде ғана сөйлепті.

“Осы жиынға келгендер – қазақ тілінің мәртебесін көтеремін деп жүрген мамандар. Ағылшын, орыс тілінде бізсіз де миллион контент бар. Біздегі медиа форумдарда сөйлейтін тренерлердің бірде-біреуінің презентациясы, зерттеуі, статистикалық дерегі жоқ, құр сөз. Іс жүзінде журналистер біліктіліктерін арттыратын лабораториялар да жоқтың қасы. Мұндай форумдар әріптестермен кездесіп, шай ішіп, арқа-жарқа болудың құралына айналып кетті. YouTube редакциясын басқарушы ретінде айтайын, біз бәрін гуглдан үйрендік. Ол платформа туралы арнайы оқытатын орталықтар, студенттерге оқу орындарында факультеттер жоқтың қасы. Мұндай шараға жұмсалған қаражатты шағын практикалық лаборатория ашуға жұмсаса, анағұрлым пайдалы", – депті Ербол Сейілхан есімді журналист.

Құрбан айт намазы қай уақытта оқылады: Кестесі жарияланды


Еске салсақ, 2023 жылы өткен Digital Almaty атты форумда блогерлердің бірі форумның тек орысша өтіп жатқанына наразы болған еді. 

"Сөйлеген жеті адамның 5-уі қазақ, келушілердің 90 пайызы қазақтар. Бірақ презентацияда жазылған есімдер орысша, өзіңіз де орысша сөйлейсіз, мұнда қала әкімінің орынбасары отыр, орысша сөйлейді. Бұл цифрлық Алматы ма, әлде цифрлық Мәскеу ме?" – деп сұрақ қойған еді блогер.

Осы мәселе бойынша заңгерге жүгіндік. Оның сөзінше, кез келген форумды ұйымдастыратын адамдар тұтынушыларға екі тілде ақпарат беруге тиіс.

“Кез келген форумқа қатысушы – тұтынушы. Әсіресе, егер ол билет салып алып қатысса. Тұтынушылардың құқығын қорғау және Тіл туралы заңда тұтынушы, ақпарат алушыға ақпарат екі тілде берілуі қажет делінеді. Осыған байланысты жиындарды ұйымдастыратын адамдар екі тілде ақпарат беруі керек. Бұл жерде форумның форматы, кім ұйымдастырып жатыр соған да байланысты. Тегін болса да, тұтынушылар талап қоя алады. Практикада көп жағдайда Тіл туралы заңның сақталмай жатқанын көреміз. Ауызша айтылады, бірақ ол нәтиже бермейді, жазбаша түрде арыз арқылы берілуі керек”, – дейді заңгер Альбина Бахтиярқызы.

Маман кез келген форум ұйымдастырышулар әкімдіктен, полиция қызметі және басқа органдардан рұқсат алады, яғни алдынан өтеді дейді.

“Бұл жерде форумды кім ұйымдастыратыны маңызды. Дей тұрғанмен, кез келген форум ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Тілдер туралы заңын, Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңды сақтауға тиіс. Онда әр ақпарат азаматтарға екі тілде берілуі керек деп анық жазылған”, – деп түйіндеді маман.

Осыдан соң біз осындай форумдарды ұйымдастыруға кім жауапты екенін білу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдаған едік. Алайда олар бұл мәселенің оларға қатысы жоқ екенін, оны Тіл комитеті қарайтынын айтты.

Stan.kz тілшісі сұратым хатты Тіл комитетіне жолдады.

 

Талқылау