Алматыда орталық аурухананың бөлім жетекшісінің сынама нәтижелері басқа қызметкердікімен ауысып кеткен
Алматылық орталық қалалық клиникалық аурухананың бөлім жетекшісінің коронавирусқа жасалған сынама нәтижелері басқа қызметкердікімен ауысып кеткендігі белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров өзінің Facebook парақшасында жазған.
«Өкінішке орай, бүгін әлеуметтік желіде тараған әріптестерімнің видеосын көріп жағамды ұстадым. Осыға жағдайға байланысты маған Алматыдағы іссапар барысында мәселені біржақты етуді тапсырды. Дәрігерлермен кездесіп, әңгімелестім. Оқиғаның тұп-төркіні былай: ақ халаттылардың қауіпсіздігі үшін министрлік оларды жиі коронавирусқа тестілеуден өткізу жөнінде шешім қабылдаған. Дегенмен бүгін күтпеген жағдай болды: екі дәрігердің аты-жөні бірдей екен. Бұған қоса медициналық базада екі қызметкер бір ауруханада тіркеуде тұрғаны анықталыпты. Осылай тестілеу нәтижесін жариялайтын кезде түсінбеушілік орын алған. Біз оқиғаның мән-жайын анықтадық, енді бәрі өз орнына келді. Дау-дамай шешілді», - дейді вице-министр.
Вице-министр осы жағдайдан қорытынды шығару керектігін алға тартты.
«Адам факторын барынша азайтуға тырысамыз. Осы жағдайды пайдаланып, өзімнің әріптестеріме алғыс білдіріп, қолдау көрсеткім келеді. Аурудан айығып, халыққа көмек көрсете беріңіздер. Қазіргі кезде сіздердің бірліктеріңіз бәрінен де маңызды», - деп жазады Камалжан Надыров.
Еске салайық, бұған дейін дәл осы аурухананың бір мезгілде 110 медициналық қызметкері коронавирус жұқтырғаны белгілі болған еді. Осыған байланысты мекеменің бас дәрігері қызметінен босатылған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
