Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Назарбаев университетінің ашық есік күні өтті

Алматыда 2 қазан күні Назарбаев Университетінің ашық есік күні өтті. Іс-шараға астаналық оқу орнының факультеттері мен департаменттері  білім іздеген болашақ студенттерге барлық мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, шара барысында оқуға қабылдану жолдары ғана емес, университеттің еліміздегі білім саласын қалай дамытып жатқаны жайлы да сөз етілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Назарбаев Университетінің ашық есік күні Алматыдан бөлек еліміздің он алты қаласында өткізілуде. Назарбаев университетінің Студенттерді оқуға тартуды басқару офисінің басшысы Нұрхан Өмірбеков іс-шараға 1600-ден астам адамның алдын ала тіркелгенін жеткізді. 

“Бүгінгі іс-шараға арнайы Астанадан қырыққа жуық университет қызметкерлері келді. Олардың арасында декандардан бөлек барлық офис пен департамент өкілдері бар. Бүгінгі шара – үмікерлер үшін таптырмас жиын. Себебі Алматы қаласынан көп үміткер Назарбаев Университетіне түскісі келеді, бірақ нақты мәліметті білмейді. Сол себепті біз жыл сайын осындай шараны ұйымдастырамыз деген жоспар бар”, - деп түсіндірді университет өкілі. 

Нұрхан Өмірбеков шара барысында foundation, бакалавр, магистратура,  докторантура  және медицина бағдарламалары бойынша таныстыру өтетінін қосып өтті.

Университет өкілдерінің түсіндіруінше, бұл шараның мақсаты – оқушылар мен олардың ата-анасының назарын аудару, сондай-ақ Назарбаев Университетінің оқу бағдарламалары мен білім беру әдістерін түсіндіру арқылы, білімге деген қызығушылығын ояту. Сонымен қатар, кездесу аясында биылғы мектеп түлектерін ғана емес 9-10 сынып оқушыларын да аталған білім ордасы жайлы құлағдар ету назарға алынған.

Назарбаев университетіне оқуға түскісі келетін үміткерлер ағылшын тілін, математика, логика және сыни ойлау пәндерін жетік меңгеруі тиіс.

Айта кетсек, Назарбаев Университетіне оқуға қабылдау жыл сайын күзде ашылады. Жәрмеңке өткен ғимараттың бірінші және екінші қабаттарында таныстыру бағдарламаларымен қоса университет өкілдері келген оқушыларға жеке консультация да өткізді.

Шараны ұйымдастырушылар осындай кездесулердің артықшылықтары көп екенін айтады. Біріншіден, барлығы ашық өтеді әрі көзбе-көз кездесудің қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, мектеп оқушылары оқуға түскеннен кейінгі студенттік өмір жайлы, Астанада өмір сүру секілді сұрақтарға толықтай ақпарат алады.

Шараны ұйымдастырушылар түлектердің көпшілігінің арасында Назарбаев Университетіне оқуға түсу қиын деген түсініктің қалыптасып қалғанын айтады. Сондай-ақ, олар университетке түскен студенттердің оқудан басқа нәрсеге уақыттары қалмайды деген ойдың да теріс екенін жеткізді.

Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіндегі Робототехника инженериясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Атакан Варол сағат 10-да басталған шара барысында өз алдына жүзден астам адамның келгенін айтты. Шараның кешкі 18:00-ге дейін созылғанын ескерсек, профессорға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойған талапкерлер санының бұдан да көбірек болғанын бағамдау қиын емес. Атап өтерлігі, қазіргі мектеп оқушыларының мамандық таңдау мәселесіне бей-жай қарамайтыны, университет өкілдерімен кездесуге дайындықпен келгендері байқалды.

"Шара барысында оқушылармен қоса олардың ата-аналары да өз сұрақтарын қойды. Ата-аналарды негізінен  "Балам роботехника саласына маманданса, айлық жалақысы қанша болады?" деген сұрақ қызықтырды. Әлбетте, бұл маңызды сұрақ.  Болашақ студенттер сонымен қатар, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде  робототехника инженериясы бойынша қанша және қандай зертханалардың бар екенін, оқу барысында қосымша қандай мүмкіндіктер берілетінін да сұрады", - деді Хусейн Атакан Варол.

Профессор сонымен қатар, мектеп оқушылары тарапынан  робототехника инженериясы мамандығы үшін Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебін неліктен таңдауым тиіс деген сұрақтың да түскенін  атап өтті. Бұл орайда, ол түлектер және қазіргі студенттердің жеткен жетістіктерімен бөліскенін айтты. Оның сөзінше, олардың саны аз емес. Солардың бірі –  Microsoft Research PhD Fellowship стипендиясының иегері  және қазіргі таңда  Microsoft корпорациясының  Кэмбридждегі кеңесесінде тағылымдамадан өтіп жатқан  PhD студенті Жанна Махатаева. Аталған стипендия есептеу техникасы саласында дарынды PhD студенттеріне арналған ғаламдық бағдарлама. Жанат аталған стипендияға тек Қазақстан  емес,  ТМД елдері арасында бірінші рет ие болған студент.

"Байқағаным, инженерия саласына қызығатын жастар болашақта Илон Маск секілді өз кәсібін ашып, миллионер болуды армандайды. Бұл  үшін қазір Қазақстанда барлық мүмкіндіктер бар деп сенімді түрде айта аламын. Елде ақпараттық технологиялар саласы қарыштап дамуда. Өздеріңізге мәлім,  Қазақстан БҰҰ - ның электрондық үкіметтің даму деңгейіне арналған  рейтингінде үздік  отыз елдің қатарында. Тиісінше, осы салаға маманданғысы келетін жастардың болашағы жарқын. Сол жарқын болашаққа жол ашатын мекемелер саны да аз емес. Олардың қатарында  Назарбаев университеті жанындағы NURIS  технопаркі бар. Осындағы студенттік жобаларға қарап, қазіргі  қазақстандық жастардың талантқа кенде емес екенін де түсінуге болады", - деп түйіндеді өз сөзін Атакан Варол.

Назарбаев университетінің Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі, тау-кен инженериясы кафедрасының профессоры Фиделис Суоринени Қазақстанның табиғи қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық элементтердің ұшырасатынын еске алды. Оның сөзінше, оқуға түсу кезінде көбісі табатын табысты бірінші кезекке қойып жатады. Алайда, тау-кен өндірісіне түсуді қалайтын талапкер ең алдымен осы мамандықты нақты қалайтынын ұғынып алуы шарт.

"Біздің мектеп беретін білімнің артықшылығы – түлектеріміз әлемнің кез келген компаниясында жұмыс жасай алады. Себебі, біз студенттерді халықаралық талаптарға сәйкес дайындаймыз. Оның ішінде қазақстандық компаниялар біздің мектепті бітірген мамандарды әлемнің түкпір-түкіпіріне, мысалы үшін Канадаға, Оңтүстік Америкаға немесе Австралия секілді тау-кен өндірісімен айналысатын компанияларға, жөнелте алады. Осы тұрғыдан да біздің оқу орны ғаламдық ауқымға ие", - деп түсіндірді ол.

Жалпы Назарбаев университетінде жаңа оқу жылының басталуымен 7000-ға жуық студент білім алып жатыр, оның ішінде 190-ы – 35 елден келген шетелдік студенттер. Зерттеу университеті ретінде НУ жергілікті және халықаралық ықпалы бар профессорлардың жетекшілігімен жүргізілетін жоғары сапалы зерттеулерге аса көңіл бөледі. 

Университет қабырғасында білім беретін профессорлардың докторлық дәрежесі бар, олар белсенді түрде зерттеу қызметін жүргізеді және әлемнің 59 елінен келген, ал 30%-ға жуығы Қазақстан азаматтары.

 

Талқылау