Алматыда қоқыс контейнерінен әйелдің бөлшектелген денесі табылды
11 ақпанда Алматыда "Green Recycle" ЖШС қалдықтарды өңдеу зауытының аумағында қалдықтарды сұрыптау кезінде 1989 жылы туған әйелдің бөлшектелген денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yarkiidom.ru
Полиция мәліметінше, оқиға 9 ақпанда "Әлмерек" шағын ауданында болған. Жалдамалы үйде бірге алкогольдік ішімдік ішкен әйел мен оның азаматтық некедегі жолдасы арасында жанжал туған. Салдарынан 1983 жылы туған ер адам әйелді пышақтап, кейін мәйітті бөлшектеп, қоқыс контейнеріне лақтырып жіберген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.
"Адам өлтіру дерегі бойынша Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бірге спирттік ішімдік ішіп, жанжалдасып, әйелін өлтірген. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қалдықтарды қайта өңдеу орнында полиэтилен пакетке салынған дене бөліктері табылғаны туралы жазған едік. 2 қаңтарда "Green Recycle" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалдықтарды өңдеу зауытының аумағынан 68 жастағы әйелдің бөлшектелген денесі табылған. Мәйіттің басы мен аяғы болмаған, дене бөлшектері пакетке салынған.