Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар адамдарды "трейлер көріп, байисың" деп алдаған
Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "Warner Bros", "Roborock" және "NFT+TRX" қаржы пирамидаларының қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшыларды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда алу деген сылтаумен жобаларға инвестиция салуға көндірген. Жоба 9 деңгейден құралып, орташа салым сомасы 225 мың теңгеге тең болды. Төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданған.
“Мысалы, "Warner Bros" жобасы бойынша салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, криптовалюта арқылы қолжетімділікті сатып алып, трейлерлерді көру үшін және жаңа салымшыларды шақыру үшін "есептелетін" сыйақылар алған. Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды”, – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.
Соттың санкциясымен 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтерге тыйым салынды.
Құқықтық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін Қызылордада "Qnet" пирамидасын ұйымдастырғандар 7 жылға сотталған еді.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
