Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған тағы 9 адам бостандыққа шықты

Алматыда қаңтар оқиғаларына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған тағы 9 адам бостандыққа шықты. Олардың бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайында оқиға орнында болған белсенділер мен "Аманат" комиссиясының өкілдері мәлімдеді.

кантар камау

Мәліметтерге сүйенсек, 9 адамның жетеуі -  тергеу изоляторынан босатылса, екеуі №4 қалалық ауруханадан шығарылған.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан тергеу изоляторынан шыққан адамдардың ақсаңдап, әзер жүріп бара жатқанын байқауға болады. Кейбірі балдақпен жүрген азаматтарды шығар есіктен туыстары мен жақындары күтіп алды.

"Аманат" комиссиясының ақпаратынша, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған мына азаматтардың бұлтартпас шарасы жұмсартылған: Сүндет Түрікменбай, Талғат Мақаш, Владимир Лотошка, Мейір Кенжеғұлов, Марат Ихсаниев, Дастан Исаев, Майрамәлі Еденов, Жасұлан Амангелдиев, Талғат Қайрат.



"Бұлтартпас шарасы азаматтардың денсаулығына байланысты өзгертілген", - дейді комиссия.

Осылайша қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, кейін бұлтартпас шарасының өзгеруіне байланысты қамаудан босатылғандар 25 адамға жетті. 

"Аманат" комиссиясының ақпаратыны бойынша, Алматы қаласының өзінде тергеу изоляторда "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша 250-280 адам отыр.

26 қаңтар күні заңгер Абзал Құспан бастаған қоғамдық комиссия 11 адамның бұлтартпас шарасы өзгергенін хабарлаған.

Ресми ақпараттың дерегі бойынша қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 2044 қылмыстық іс бар, 900-ге жуық күдікті ұсталған, 800-інен астамы сот санкциясымен қамалған.

Қаңтар оқиғасы мен оқиғадан кейінгі азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдірген.

Талқылау