Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда есепші жұмысқа бара жатқан жолда көз жұмды: Өліміне ағаш себеп болған

Видеодан скрин

Алматыда басына ағаш бұтағы құлап қаза тапқан әйелдің өліміне қатысты куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Куәгерлердің айтуынша, оқиға күні қауіп төндіретіндей ештеңе болмаған, тіпті далада жел де соқпаған. 

"Самокатпен жұмысқа келе жатқанмын. Қыз қанға батып, ес-түссіз жатқанын көрдік. Әрине, қасына жүгіріп бардық. Тамырын ұстап көрдік, тынысын тыңдадық – ештеңе байқалмады, ес-түссіз жатты, тіршілік белгілері мүлдем болған жоқ", – дейді куәгер Шакир Курванжан.

Белгілі болғандай, әйел оқиға болған жерге жақын маңдағы кеңседе есепші болып жұмыс істеген. Марқұмның артында алты жастағы баласы қалды. Оқиға кезінде ол әріптесімен бірге кеңсеге қайтып бара жатқан. Алайда жолда олардың үстіне ірі бұтақ құлаған. Қасындағы әріптесі шетке қарай секіріп үлгерген, ал марқұм басынан қатты соққы алған. Оқиға орнына жеті минутта жеткен дәрігерлер әйелді аман алып қала алмады.

Қайғылы жағдайдан кейін коммуналдық қызмет өкілдері дереу ағаштарға санитарлық кесу жұмыстарын бастады. Тұрғындардың айтуынша, олар бұрыннан бері қураған ағаштарды кесуді сұрап келген. Болған жағдайға кім кінәлі екені енді құқық қорғау органдары тарапынан анықталады. Қазір қылмыстық іс қозғалған. 

Тексеру барысында бұтақ түскен ағаштың сыртқы түрі жасыл болып, қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Билік өкілдерінің айтуынша, ағаштың қауіп төндіретінін көзбен шолып анықтау мүмкін емес, ағашта қурау немесе апатты жағдай белгілері болмаған.

Әкімдіктің дерегінше, бұл аумақта бұрын да санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген, 2024 жылы емен бұтағы кесілген, 2025 жылы апатты жағдайдағы екі терек алынған. Алайда қайғылы оқиғаға себеп болған ағашқа қатысты шағым түспеген екен.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда ағаш бұтағы құлап, бір қыз қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 18:37
Талқылау