Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлер өмірі үшін күресуде: Алматыда бес жасар баланы футбол қақпасы басып қалды

Алматыда бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлады. Ауыр темір құрылғы баланың белінен бастап басып қалған. Салдарынан балақай аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап. 

Ал оның ата-анасы ойын алаңында орналасқан құрылғыларды кезінде бекітпей кеткен мердігер мекемені кінәлайді. 

5 жастағы Роман Носаченко ойын алаңына кеше кешкісін әжесімен бірге шыққан. Қас пен көздің арасында темір қақпа балақайдың үстіне құлап кеткен.  

"Әдеттегідей, күнде осы алаңға шығып ойнайтын. Зілдей қақпа баламның үстіне қалай құлағанын білмеймін. Жүгіріп келсек, аузынан қан ағып жатыр. Есінен танып қалған", - дейді Романның әкесі Антон Носаченко. 

Ауыр жарақат алған бүлдіршін бірден балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр. Олар баланың сан сүйектеріне ота жасамақшы.

"Қатты соққы алған. Сол сан сүйегінің сынығы анықталды. Ол балаға бірден жедел түрде хирургиялық көмек көрсетілді. Баланың жағдайы ауыр бір қалыпты реанимация бөлімшесінде. Сүйек сынықтарына байланысты ота жоспарлануда", - дейді балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев. 

Баласы үшін шырылдаған ата-ана, бұл жайтқа футбол алаңын салған мердігер мекеме өкілдерін кінәйлайді. Айтуларынша, 2016 жылы салынған алаңның темір қақпалары о баста дұрыс орнатылмапты. Не қоршауға, не жерге бекітілмепті.  

"Біздің ендігі мақсатымыз осы футбол алаңын салған мердігер компанияны табу. Өйткені бұл оқыс оқиға сол мердігердің салғырттығынан болып отыр. Олар кезінде темір құрылғыларды бекітпей жай ғана қойып кете салған", - дейді баланың әкесі. 

Аудан әкімдігі болса, мердігерді ақтап әлек. Бұл жағдайға олардың қатысы жоқ деп отыр.

"Алаңның құрлылысын жасаған "Энерго Экспорт" мекемесі. Мердігерлік футбол алаңын халыққа осыдан 5 жыл бұрын тапсырған. Ал ондағы қақпалар тұрғындардың қалауы бойынша орнатылған. Яғни олар мердігер мекемеге қақпалардың ауыспалы болуын, тасымалдауға ыңғайлы болуын сұраған", - дейді Әуезов ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Какетаев. 

Қазір әкімдік өкілдері сол тұрғындардың тізімін анықтауда. Әрі аталмыш футбол алаңының құрылғыларын тексеріп шықпақшы. Жанын шүберекке түйген отбасы, полицияға арыз жазған.


Алматы қаласына арналған 2021 жылдың оразасы кестесі

Талқылау