Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер тапшы

Алматыда бастауыштарға арналған кезекші сыныптар ашылып жатыр. Бас санитарлық дәрігердің шешімімен бүгіннен бастап оқушылар мектепке жол тартқан. Алайда бастауыш сыныптарда мұғалім тапшылығы байқалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

оқушы

Мектепке барып оқуға өтініш білдіргендердің саны көп болды. Дегенмен кейбір мектептер оқушылардың барлығын қабылдауға дайын болмай шықты. Нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалім жетпей қалған. 

Алматыдағы 135-мектеп тамыз айынан бастап кезекші сыныптардың ашылуына дайындалған. Ол кезде оқу форматы нақтыланбағанымен, мектеп санитайзерлер, маскалар сатып алып қойған. 1 қыркүйекте бірінші және екінші сыныптың оқушылары мектепке келген. Екі апта өткеннен кейін кезекші сыныптар 3, 4 - сыныптарға да ашылыпты. 

"Үшінші сыныптарға арналған бір топ, төртінші сыныптарға бір топ ашылды. 15 адамнан екі топ 30 адам бүгін сабаққа келді. Өтініш білдіргендер әлдеқайда көп. Таңнан кешке дейін жұмыста болып, балаларын жалғыз қалдырып жүрген ата-аналардың өтінішін қабылдадық", - дейді мектеп директоры Эра Сейсебаева. 



Балалардың басым бөлігі басқа оқушыға жақындауға болмайтынын әлі түсіне бермейді. Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтық та балаларға түсініксіз. 

"Балалар алдымда отырып, сабақ түсіндіріп, білмейтін жерлерін толықтырып отырған әлдеқайда ыңғайлы. Бала мектепте бірнәрсе түсінбей қалса, бірден сұрап, жауап ала алады", - дейді бастауыш сыныптың мұғалімі Валентина Белявская.

Балаларын сабаққа әкелгісі келетін ата-аналар көп болғанына қарамастан, барлық мектептерде кезекші топтар ашылған жоқ. Сондықтан болар бастауыш сынып оқушыларына сабақ беретін ешкім жоқ.

"Мектеп кезекші сыныптар ашуға дайын. Бірақ кадрлар жеткіліксіз. Біздің мектепте 26-ға жуық бастауыш сынып мұғалімі бар. Алайда бұл да жеткіліксіз. Кейбір мұғалімдер екі ауысымда да жұмыс істейді", - дейді бастауыш сынып мұғалімі Ғалия Әміртаева. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2020 08:51
Талқылау