Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматыбасжоспар", "Қазтелеком" және жүздеген компаниялар жекешелендірілмек

Алматыбасжоспар жекешелендіріледі

Фото: 2gis.kz

Мемлекетке қатысы бар жүздеген компания мен нарық субъектілері оңтайландырылып, жекешелендіріледі. Сондай-ақ олардың акциялары биржаға бастапқы жария түрде орналастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Либерализацияның маңызды бағыты – энергетика, көлік, телекоммуникация және басқа да негізгі салаларда белсенді монополиясыздандыру жүргізу. Осыған байланысты Мемлекеттік жекешелендіру ұлттық кеңсесі жұмыс істеп тұрған мемлекеттік компаниялар қызметін талдап, оңтайландырылатын 475 субъектінің тізімін жасады”, – дейді премьер-министр Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, тізім келесі бағыттар бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде жасақталды:

  1. Тауар нарығының теңгерімін, бәсекелестік жағдайын, жекеменшік бизнестің қатысуын және мемлекеттік реттеу саясатын бағалау;

  2. Нарық субъектісінің құрылу мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуі, қаржы-шаруашылық қызметі және инвестициялық тартымдылығы бойынша қызметін талдау.

Салалар бойынша мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту мына бағыттарда жүзеге асырылады:

  • Отын-энергетика кешені,
  • Өнеркәсіп және индустрия,
  • Агроөнеркәсіптік кешен, көлік және байланыс,
  • Қаржы нарығы және т.б.

“Мысалы, құрылыс саласында "Түркістанбасжоспар" ЖШС мен "Шымкентбасжоспар” ЖШС-нің жобалау қызметтерін бәсекелестікке шығару, "Алматыгенплан" ЖШС мен "Астанагенплан" ЖШС қызмет түрлерін қысқарту, сондай-ақ техникалық қадағалау қызметін атқаратын "Самұрық-Қазына Девелопмент" ЖШС-ін жекешелендіру қарастырылған”, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол 2024 жылы сәуірден бастап "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ның жаңа инвестициялық жобаларды қарау және олар бойынша шешім қабылдау, оның ішінде жаңа жобаларды қаржыландыру өкілеттіктері алынып тасталғанын нақтылады.

"Нарықтық конъюнктураны ескере отырып, бірқатар компанияларды IPO/SPO-ға шығару мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, алдағы жылдары "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның келесі активтерін IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр: құрамында "Кселл" АҚ кіретін "Қазақтелеком" АҚ, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және "QazaqGaz" ҰК" АҚ болады. Жаңартылатын энергия көздері мен су электр станцияларының активтерін біріктіріп, оларды 2029–2030 жылдары IPO-ға шығару үшін "Qazaq Green Power PLC" атты жария компания құру көзделіп отыр", – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, жалпы оңтайландыру үш кезеңде (2026 жыл, 2027–2028 жылдар, 2029–2030 жылдар) нарықтың және объектілердің дайындығына қарай жүргізіледі.

"Аталған тізім Президент жанындағы жоғары реформалар кеңесінің бекітуіне ұсынылады. Нәтижесінде 2026-2030 жылдарға арналған мемлекеттік мүлікті оңтайландырудың жаңа жоспары жасалады. Бұл жоспарда субъектінің атауы, сату жылы және іске асыру тәсілі көрсетіледі. Сонымен қатар мемлекет стратегиялық салаларда бақылау қажет болған жағдайда, нарықтық конъюнктура тұрақсыз немесе мүлде болмаған жағдайда, халыққа тиісті қызмет көрсететін ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейінің төмендеу қаупі туған кезде, технологиялық жағынан өзара байланысты процестерді қамтамасыз ету қажет болған жағдайда қатысуын сақтап қалады. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, монополияға қарсы орган мемлекет қатысатын кәсіпкерлік қызметтің орынды болуын жыл сайын талдайды", – деп түсіндірді Бектенов.

Айым Болатқызы
Сенбі, 28 Маусым, 2025 20:06
Талқылау