"Екі бөлмелі пәтерге 45 мың теңге төлейміз": Жеңілдетілген бағдарламамен жалдамалы тұрғын үй алған жас отбасы қалай тұрып жатыр
Нұржан мен Балжан Мұсаевтар – “Алматы жастары” жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша екі бөлмелі пәтер алған отбасы. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында үйлі болған жанұяның бұл баспанада тұрып жатқандарына үшінші жыл болған. Отағасы Нұржан Мұсаев электромонтер маманы ретінде бағдарламаға қатысқан. 42 шаршы метр жалдамалы пәтерден 65 шаршы метр болатын жайлы әрі кең екі бөлмелі үйге көшкен үлкен жас отбасы қуаныштарын жасырмайды. Stan.kz тілшісі бағдарлама арқылы отбасыдан пәтер алу жолын сұрап, екі бөлмелі пәтерден фоторепортаж ұсынады.
Нұржан Мұсаев электромонтер мамандығын бітіріп, осы бағыты бойынша жұмыс істеп жатқан өз ісінің кәсіби маманы. Қазіргі уақытта "Алатау Жарық Компаниясы" АО компаниясында электромонтер ретінде қызметте. Ол жастарға ұсынылған бұл мүмкіндік туралы біліп, өз атынан бағдарламаға қатыспаққа бел буған.
Нұржан пәтерде жұбайы Балжан, екі кішкентай бүлдіршіні, анасы және әкесімен бірге тұрады. Бұған дейін отбасы қалада бірнеше жыл бойы жалдамалы пәтерді 100 мың теңгеге жалдап келген.
“Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып, қаражатымыз ішіп-жемнен, пәтер ақысынан артылмайтын. Ал енді осы кең үйге көшкен соң, депозитке ақша салып, жинауға мүмкіндік туды. Ай сайын пәтер жалдау ақысын жібермей төлеп тұрамыз. Алдағы уақытта осы пәтерді ипотека арқылы рәсімдеуге мүмкіндік болса деген тілек бар”, – дейді пәтер иесі.
“Алғаш рет біз 2019 жылы қыркүйек айында осындай жоба туралы естіген болатынбыз. Бірақ ол жылы қатыса алмадық. Білуімше, сол жылы "Саялы" ықшам ауданынан бір бөлмелі пәтерлер беріліп жатты және мұндай жобадағы үйлерді алу анағұрлым жеңіл болатын. Мысалы, 9 баллмен үй алғандар кездесті. Бағдарламаның шарттары тиімді екенін түсінген соң келесі мүмкіндікті күтіп жүрдік. 2020 жылдың 24 мамырда біз жалдамалы пәтерді алғанымыз туралы сайт арқылы білдік. 2020 жылы біз үшін өте табысты жылдардың бірі ретінде есте қалды”, – дейді отағасы.
Отбасы үйге қол жеткізуге дейінгі процес ұзаққа созылмағанын айтады. Бағдарламаға қатысқан жылы "Ақкент" ықшам ауданынан екі бөлмелі пәтерлер берілген.
"Ең алдымен, біз сайт арқылы өтініш қалдырдық. Керекті құжаттарды жинап, тапсыруға екі апта көлемінде уақыт беріледі. Біз барлығын ертерек жинап, тапсыруға тырыстық. Ақпан айында тапсырып, мамыр айында үйді алдық. 30 баллмен 30-ыншы орынға жайғасыппын. Жұмыс өтілі менде есептелген жоқ. “100 сұранысқа ие мамандықтың” тізімінде менің кәсібім бар еді. Бұл мамандықтың артықшылығы, 100 сұранысқа ие мамандықтың бірін меңгеріп, сол сала бойынша қызмет етіп жатқан болсаң, саған 10 балл беріледі екен. Менің жұмыс орным мемлекеттік мекеме болып есептелмейді, яғни жұмыс өтіліне қарамайды. Мамандығыма қатысты, маған 10 балл, үйленгенім үшін 5 балл, әр үйленген жылым үшін 1 баллдан, бірінші балама 2 балл, екінші балама 1 баллдан берілді. Мамыр айының соңында келісімшартқа қол қойып, кілтті алып үйге кірдік”, – дейді бағдарламаға қатысушы.
Нұржанның айтуынша, пәтерге ие болатындарына сенімді болған.
"Әрине, сенім болды. Сайттың өзі бірден шамамен баллды шығарып береді. Кейіннен тексеріс жасалады. Салыстырмалы түрде баллдарды қарап отырып, баспана алатыныма үміттендім. 114 пәтерге 1100 адам қатысты, яғни бір үйге 10-11 адамнан келді" , – деп еске алады Нұржан Мұсаев.
Қазір ай сайын отбасы шамамен ай сайын 45 теңге пәтер үшін төлеп отыр.
"12 мың теңге тек жалдамалы пәтер үшін, ал коммуналды төлемдерге 32-33 мың теңгедей шығады дейді. Биыл тұрып жатқанымызға үшінші жыл”, – дейді екі баланың анасы Балжан Қуандықова.
"Үй алған күні кешке анам, әкем: барлығымыз отбасымызбен пәтерді көруге келдік. Шағын ғана пәтерде тұрып келген біз үшін алған үйіміз кең сарайдай көрінді, бірден көңілімізден шықты, ұнады. Бұған дейін тұрып келген пәтерге қарағанда орналасқан жері, пәтердің кең әрі жайлылығы, барлық жағдайдың жасалғандығы, балаларға арналған алаңқай, көлік тұрағы, балабақша секілді пункттер бойыншы артықшылықтары болды. Бір апта көлемінде кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көшіп келдік. Басында, әрине, үйренісу, жұмысқа қатынау секілді қиындықтар болды", – дейді жұбайы Балжан.
"Қазіргі таңда “Ақкент” шағынауданы тұрғындары болып президентке хат жолдаудамыз. Басты мақсат – алдағы уақытта үйді тұрақты түрде тұру мүмкіндігіне ие болатын ипотека рәсімдеу", – дейді отбасы.
Айта кетейік, бағдарламаға жасы 29-ға дейінгі жастар, Алматыда соңғы екі жылдан кем емес тұрақты тіркелген, соңғы екі жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйі жоқтар қатыса алады.
2021 жылы болып өткен бағдарлама кезінде қатысушылардың соңғы 6 айдағы ай сайынғы жалақысы 40 АЕК-тен (116 680 теңге) жоғары болуы тиіс деген талап қойылды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
