Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тауларында үш жігіт із-түссіз жоғалып кеткен: Біреуінің мәйіті табылды (видео)

Видеодан скрин

Алматы тауларында жоғалып кеткен үш жігіттің бірінің мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бүгін тауда жоғалып кеткен үш жігіттің бірінің мәйіті табылғанын растады. Қалған екеуін іздеу жұмыстары жалғасуда.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 желтоқсанға қараған түні 112 пультіне бір қыздан хабарлама түскен. Ол ағасының екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға кеткенін және қайта оралмағанын айтқан. Жоғалғандардың телефондары 12 сағаттан астам уақыт бойы өшірулі болған.

Хабарлама түскеннен кейін болжамды іздеу аймағына ТЖМ-нің күштері мен құралдары жедел түрде жұмылдырылды.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ-нің “Қазавиақұтқару” тікұшағы көтеріліп, әуеден барлау барысында құтқарушылар “Тұйықсу” мұздығы, “Мынжылқы” шатқалы және “Локомотив” шыңы маңындағы аумақтарды тексеруде.

“Іздеу жұмыстары барысында ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен “Локомотив” шыңы ауданында бір адамның мәйіті табылды. ТЖМ әуе кемесі арқылы теңіз деңгейінен 3700 метр биіктіктен төмен түсіру жұмыстары жүргізіліп, мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды”, – делінген хабарламада. 

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қаза тапқан адамның жеке басы сараптама қорытындысынан кейін анықталады.

“Қалған екі адамның орналасқан жерін анықтау бойынша іздеу жұмыстары жалғасуда”, – делінген департамент хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың мәйіті табылған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 19:35