Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының тұрғындары дәл үйдің жанынан жатақхана салынуына қарсы

Алматы облысының тұрғындары дәл үйдің жанынан жатақхананың салынуына қарсы

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысындағы Бұлақты ауылының тұрғындары үш қабатты жатақхананың құрылысын тоқтатуға тырысып жатыр. Адамдар нысанды салу кезінде заң бұзушылықтар болғанын айтып, оның үйлеріне тым жақын салынғанына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жергілікті тұрғын Амина Қырықбаеваның айтуынша, құрылыс екі жыл бұрын басталған. Сол кезде жауаптылар ғимарат бір қабатты болады деп уәде берген. Бірақ кейін екінші қабат, одан соң үшінші қабат салына бастаған. Осыдан кейін ауыл тұрғындары наразылық таныта бастады. Айтуларынша, жатақханада 60 бөлме болады. Мұндағы жұрт болашақта тынышымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

“Жатақхана дұрыс емес жерде салынған. 10 соттық жер теліміне үй тұрғызған. Бұл мәселе бастапқыда-ақ көтерілген еді. Бірақ бізге мұнда бір қабатты үй болады деп айтты. Біз де “барлық жерде 10-12 пәтерлі үйлер бар ғой, мұнда да солай шығар” деп ойладық. Кейін екінші қабатты сала бастағанда, мен өрт сөндірушілерді, полиция мен учаскелік инспекторды шақырдым. Олар келіп, қарады да “бәрі рұқсат етілген, мәселе шешілген” деп айтты”, – дейді жергілікті тұрғын.

Ғимараттың өз автотұрағы жоқ. Демек көліктер көше бойына қойылады, бұл кептеліс болады деген сөз. Сондай-ақ тұрғындар аумаққа орнатылған трансформатордан қауіптенеді. Жаңбыр жауған кезде одан ұшқын шығып, өрт болады деп қорқады. Екі ай бұрын дәл осындай жағдай болған: нөсер кезінде сымдар түтіндеп, ақау шыққан. Мәселе сол кезде шешілгенімен, адамдар келесі жолы өрт үйлерге жетіп кете ме деп алаңдайды.

Ауыл тұрғындары бірнеше рет жер иесімен сөйлесіп, келісуге тырысқан. Әкімдікке де шағымданған. Шенеуніктер тексеріс ұйымдастырып, нысаннан заң бұзушылықтар анықтаған, бірақ олар елеусіз қалдырды. Жер иесі кемшіліктерді жақын арада түзетуге уәде берген.

“Олар құрылысқа қажет барлық құжаттарын рәсімдеп, заңдастырған. Қазір тек трансформаторға қатысты және автотұрақты өз жер аумағында қарастыру мәселелері бар”, – деді Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.

Жатақхананың пайдалануға қашан берілетіні әзірге белгісіз. Қазір нысанда әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен ауыл тұрғындары берілмей, аудандық прокуратураға шағым түсірген.

Айым Болатқызы
Жұма, 24 Қазан, 2025 11:53
Талқылау