Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының әкімі бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына сөгіс берді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аппарат жиынында жер учаскелерін берудің заңдылығы туралы мәселе көтеріп, осы күнге дейін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгеру фактілері бойынша аудан әкімдігінің орынбасарларына сөгіс берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша жиын барысында үш ауданда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту фактілері орын алғаны белгілі болды. Мәселен, Іле ауданында үш жер учаскесінің нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізуден өнеркәсіп нысанына өзгертілген. Дәл осындай екі факт Еңбекшіқазақ ауданында, тағы 2 факт Қонаев қаласында тіркелген.

"Мен ауыл шаруашылығы жерлерінің сегментациясына және оның нысаналы мақсатын өзгертуге жол бермеу туралы тарсырма бергенмін. Жалпы 27 маусымнан 1 шілдеге дейін облыс бойынша 7,5 мың гектар жерде 578 учаске ұсынылған. Қазір жер беруді қатаң түрде қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес реттеу талабы алдымызда тұр. Жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер учаскелері бекітілген қалақұрылыстық құжаттары бар, дайындалған алаңдардан берілуі керек", - деді Марат Сұлтанғазиев.



Анықталған фактілерге байланысты облыс әкімі берілген жер учаскелерінің заңдылығына талдау жасауды тапсырып, аудан әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялайтынын айтты.

Талқылау