Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш ай бұрын қолданысқа берілді": Алматыда жаңа пәтерде жер сілкінісінен кейін сызаттар пайда болған

Алматы облысында зілзала кезінде 40-тан астам мектеп, аурухана мен мәдениет үйінің қабырғасы жарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gettyimages

"Жер сілкінген кезде жарылған нысандарды анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Алматы облысы аумағындағы нысандарды араладық. 

2024 жылғы 24 қаңтарда Алматы облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар объектілерді көзбен шолып тексеру нәтижесінде 44 ғимаратқа сызат түскені анықталды", делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Ұйғыр ауданы бойынша – 11 нысан (денсаулық сақтау нысаны – 1, білім беру – 8, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан – 2);

Еңбекшіқазақ ауданы бойынша – 14 объект (білім беру нысаны – 7, денсаулық сақтау – 1, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан – 6);

Талғар ауданы бойынша – 3 нысан (білім беру нысаны – 3);

Кеген ауданы бойынша – 4 нысан (денсаулық сақтау нысаны – 4);

Жамбыл ауданы бойынша – 2 нысан (білім беру нысаны - 2);

Райымбек ауданы бойынша - 3 нысан (білім беру объектілері – 2, әлеуметтік мәдени - тұрмыстық объект – 1);

Іле ауданы бойынша – 3 нысан (денсаулық сақтау саласы нысаны – 3);

Қарасай ауданы бойынша – 4 объект (білім беру нысандары - 4).

Алматы қаласында да зілзала кезінде біраз ғимарат зақымдалған. Қала орталығындағы 13 қабатты үйлер үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Наргиз Ахметованың да бұл жерге көшіп келгеніне көп болмапты. Жер сілкінісі кезінде жаңа пәтерінде сызаттар пайда болған.

“Сол күні қызыммен үйде болғанмын. Кенет гүрілдеген дауыс шығып, есік-терезенің бәрі қимылдап кетті. Тіпті ілулі тұрған перденің өзі түсіп қалды. Ертеңіне қарасам, қабырғаға сызат түсіпті. Сатып алғанда мұның біреуі болмаған еді. Әкімдік қарап, бағасын береді деп ойлаймыз”, – деді Наргиз Ахметова. 

Бұл кешеннің подьезіндегі қабырғалар да жарылып кеткен. Сөгіліп, сызат түскен жері көп. Ал салынғанына жарты ғасырға жуықтаған үйлерде өмір сүру қазірдің өзінде қорқынышты. Мұндағы жарылған жерлер әлдеқайда терең.

“Қабырға жайден-жай жарылмайды ғой. Барлық қабатта да осындай сызат түскен. Үгітілген жер көп. Білмеймін, ендігі зілзаладан қорқамын. Себебі апат болғанда үйдің бәрі қозғалып кетті. Үймен қоса құлап кетеміз бе деп қорықтық”, – дейді Галина Мозер. 

Жер сілкінісінен кейін қалада шағымданғандар еселеп артты. Көбінің үйінің қабырғалары жарылып, төбесіне сызат түсіпті. Қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті қазір арнайы комиссия құрып, баспаналарды аралап жүр.

“Жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыс тобында әкімдік өкілдері, төтенше жағдайлар қызметінің басқармасының өкілдері, құрылыс сәулет басқармасының бірқатар құрамасы кірді. Қазір комиссия мүшелері тексеріп біткеннен кейін эксперт ұйымдарды шақырады. Тәуелсіз. Олар барлық өлшемді көргеннен кейін ары қарай құзырлы органдарга беріледі. Шығыннын қаншалықты болғанын есептеу жүргізіліп жатыр”, – дейді Алмалы ауданы ТЖБ бастығының міндетін уақытша атқарушы Ербол Әлімқұл.

Бұған дейін Алматы облысында жер сілкінгеннен кейін 19 нысанның қабырғасы жарылып кеткені жазылған. 

Талқылау