Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында тұрғындар жүретін жол жекенің қолына өткен: Енді кәсіпкер жолды жабамын деп отыр

Алматы облысы Райымбек ауылының шетіне қоныстанған тұрғындар талай жылдан бері маңдай тер, табан ақымызға тұрғызған үйімізге емін-еркін кіріп шыға алмай қаламыз ба деп қорқады. Өйткені көшенің бас жағындағы 35 соттық жерді жеке кәсіпкер жауып тастай ма деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Бұған дейін жолды ашық қалдыру үшін тұрғындар ескі қожайынмен телімді сатып алуға келіскен екен. Бірақ ол амалын тауып жерді өзге азаматқа сатып жіберген. Енді 5 соттық жердің жаңа иесі 18 миллион теңге сұрап отыр дейді қапаланған жұрт.  

“Сатып алған қожайынмен 7 күн бұрын кездестік. Ол “бұл жерді, жолды жабамын, мұнда қойма саламын, база саламын” деп отыр. Жол жабылса, өте алмай қаламыз ба деп қорқатын болдық. Себебі төменгі жағымызда жол жоқ, жоғарғы жағымызды да жабатын болса, жүретін жол қалмайды”, – дейді Райымбек ауылының тұрғыны Бауыржан Бөрібаев. 

Тұрғындар мұндағы кей баспананың қызыл аймақта қалып қойғанын да кеш білген екен. Енді құжаттарын рәсімдей алмай бастары қатып отыр. Қыруар қаражат жұмсап үй тұрғызғандар енді күрмелген мәселелер оңынан шешілсе дейді.

“Біздің БАКАД-тың екі беті 200 метрден жасыл аймаққа кірмеген, қызыл аймақта деп жазыпты. Егер кірмесек біз Райымбек округінде не істеп жүрміз? Төлем жасап жүрміз. Біз тек  мемлекеттік актпен отырмыз. Екі жыл болды, техникалық жағдайын жасап, есептеп қойғанбыз. Бірақ әкімшілік қол қоймай отыр”, – дейді ауыл тұрғындарының бірі Сұлтанбек Дүйсенбіұлы. 

Жиналған жұрттың мәселесін білуге Райымбек ауылдық округінің әкімі де келді. Бірақ сайланғаныма бірнеше ай ғана болды деген ауыл басшысы бұл жағдайдан енді ғана хабардар болып тұрмын дейді. Көптің көшесін жаппақ болған жер иесімен енді өзіміз тікелей сөйлесеміз деп отыр.

“Бірінші жердің иесін шақырып сөйлесу керек болып тұр. Жерді қалай алды, неге жолды жабады? Бас жоспарын қарау керек. Қазір мен сәулетшілерден “бұл елді мекеннің шегіне кірген бе, кірмеген бе?” деп сұрастырып жатырмын. Осыны бірінші анықтап алу керек. Анау жаңа салынған үйлердің ішінде елдімекеннің шегіне кірмегендері бар”, – деп түсіндірді Райымбек ауылдық округінің әкімі Жандос Базарбаев. 

Жаңа сайланған ауыл басшысы көпшілік кіріп-шығатын жолды қалдыру үшін сотқа дейін шағымданатынын жеткізді.

Бұған дейін Алматы облысында қамыс төрт күннен бері өртеніп жатқанын жаздық. Балқаш ауданында қамыс өртеніп, орман қорына жалын тараған. 

Талқылау