Алматы облысында отқа оранған үйдің иесі өрт сөндірушілерді сотқа беріп, 12 миллион теңге өндіріп алды
Алматы облысында сот жергілікті өрт сөндіру қызметін тұрғын үйдің өртеніп кеткені үшін шамамен 12 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Құтқарушылар өрт туралы хабарламаны елемей қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Іс материалдарына сәйкес 2023 жылдың мамыр айында Елтай ауылында құрғақ шөп өртене бастаған. Сол ауылдың тұрғыны өрт үйіне жақындап келе жатқанын байқап, өрт сөндіру бөліміне сағат 17:30 шамасында қоңырау шалған. Алайда өрт сөндірушілер бұл шақыртуды назарсыз қалдырған.
Жоғарғы соттың хабарлауынша, өрт шыққан жерге әкімдік өкілі келіп, жергілікті тұрғындармен бірге қолда бар құралдармен өртті сөндіруге тырысқан. Алайда өрт сөндіру қызметі тек сағат 22:40-та, жалын жәбірленушінің үйіне жеткен кезде ғана келіп, өртті сөндіруге кіріскен.
Осылайша үй толығымен жанып кеткен. Үй иесі 11,9 миллион теңге шығынды өндіріп алу үшін сотқа талап арыз берген. Сонымен қатар жергілікті билік пен өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап еткен.
"Сот өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, оларға келтірілген материалдық шығынды, яғни 11,9 миллион теңгені өтеуді міндеттеді", – делінген сот хабарламасында.
Өрт сөндіру қызметі апелляция берді. Алайда Алматы облыстық соты бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
- Алматыда фельдшер жедел жәрдемде жатқан науқастың жарты миллион тұратын дүниесін тонап кетті (видео)
Еске салайық, бұған дейін жедел жәрдем бригадасын жалған ақпаратпен шақырған Ақтау тұрғынына 80 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол осылайша әзілдемек болған. Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі жағдайды баяндап берді. Оқиға 14 қазанда болған. "103" пультіне көп дәрі-дәрмек қабылдағанын айтқан Ақтау қаласының тұрғынынан шақырту келген.