Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында Lexus 570 көлігі көпірден өзенге ұшып кетіп, бір адам көз жұмды

Алматы облысында жол талғамайтын көлік көпірден өзенге құлап, 43 жастағы жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жол апаты 23 қаңтарда Сарқан ауданында Лепсі өзені арқылы өтетін көпірде болды. Оқиға орнынан түсірілген видео WhatsApp мессенджерінде тарады.

Автор экскаватордың Lexus LX-570 көлігін өзеннен шығарып жатқан сәтін түсіріп алған. Қатты соққыдан салон мыжылып қалған.

Өңір полициясы жол апаты фактісін растады. Ведомство ақпаратынша, автокөлікте 43 жастағы ер адам отырған. Ол рөлге ие бола алмай, көпірден ұшып кетіп, өзенге аударылған.

Джип жүргізушісі оқиға орнында қаза болды.

"Жол апаты Алматы – Өскемен автожолының 466 шақырымында, Лепсі өзені арқылы өтетін көпірде болды. Қазір сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Талқылау