Алматы облысында құны миллиард теңгелік құрылғылары бар майнинг фермасы анықталды
Алматы облысында ірі майнинг фермасы анықталды. Жамбыл ауданында орналасқан фермадағы құрылғылардың құны 1 миллиард теңгеге жуық, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері криптовалюта өндірумен шұғылданатын компанияны анықтады. Мұнда шетелдік инвесторлар құрылғыларды бұрынғы шұға комбинаты аумағында орналастырған.
Агенттікте хабарланғандай, майнинг фермасының ұйымдастырушылары электр қуатын заңсыз пайдаланып, тұтынылатын энергия мөлшерін арттырған. Ал бұл үшін жеңілдетілген тарифпен төлеп келген.
"Қарғалы" АҚ аумағын тінту кезінде мамандар криптовалюта өндіруге арналған 2 800 бірлік құрылғыны тапты. Олардың бағасы 1 миллиард теңгеден асады. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 131 198 909 теңге", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар майнинг фермасының ұйымдастырушылары "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ мен Жамбыл аудандық электр қуаты желісінің қызметкерлеріне 50 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін пара беріп келген. Қазір сәйкес сараптамалар тағайындалған. Өзге ақпараттар таратылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде майнерлерге салынатын салық 10 есеге көбейту ұсынылған еді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
