Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында кәсіпкер жалғыз жолды жауып тастаған: ауыл тұрғындары жаяу қатынауға мәжбүр

Алматы облысындағы Іргелі ауылының тұрғындары жалғыз жолдың жабылып, енді жаяу жүруге мәжбүр екендерін айтып, назын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

іргеліСурет: 31арнасы түсірілімінен скриншот

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан шенеуніктері Іргелінің іргесіндегі Апорт сауда орталығына тиесілі жерді мемлекет меншігіне алуы керек. Бірақ екі жылдан бері ешқандай шара қолданылмаған.

Кәсіпкер қалаға қатынайтын жалғыз жолды жауып тастауды әдетке айналдырған. Соның кесірінен іргеліліктер көлігін алысқа қойып, бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Халық әкімдіктен шара қолдануды сұрайды.

Ірі сауда орталығының басшысы тұрғындар жүретін жолдың екі бетіне бетон қойып, бітеген. Тіпті ауылда қауырт жағдай туындаса, жедел жәрдем мен құтқару қызметі кіре алмайды.

“Оқуға баратын кішкентай балаларға обал. Алматыға қатынайтын жұмыскерлер бар, бәрі шаң басқан жолда жаяу жүреді. Енді акимат сендерге жолды бөліп беру керек дейді, бірақ ешкім берген жоқ” – дейді тұрғындардың бірі.

Іргелі халқының айтуынша, соңғы бес жылда ауыл жағдайын сұрап, мәселелерімен танысуға бірде-бір шенеунік келмеген. Жалғыз жолды да жылда тұрғындар өздері жөндеген. Кемі 15 мыңнан ақша жинайды. Сондықтан олар кемінде кәсіпкердің ұсынған 6 метр жерін меншіктеп, жолды ашып беруді талап етті. Әкімдік өкілдері әзірге қаржы бөлінбегендіктен, жерді рәсімдей алмағандықтарын мәлімдеді.

“Жер біздікі. Жер қатынастары комитеті ақшасын төлесін, есептеу жұмыстарын ұсынсын деп талап қойып отыр. Ақшасы төленген жағдайда ғана жер үкіметтікі боп есептеледі” – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Амантай Терлікбаев.

Шенеунік жолды ашу мәселесін бірден шеше алмайтынын айтты. Мұның бәрі тек ақшаға қарап тұр.

Сауда орталығының өкілдері әкімдіктегілердің сөзін жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, жолды жабуға желілік жөндеу жұмыстары себеп болды. Әрі ешкімге кедергі келтірмес үшін тек түнгі уақытта жапқан. Күндізгі уақытта жабуға тұрғында қарсы болды дейді.

Талқылау