Алматы облысында әйел ұл мен қыз туып, бөтен адамдарға бере салған
Алматы облысында әйел жаңа туған сәбилерін бөтен адамдарға ұстатып жіберген. Талғар ауданының прокуратурасы қозғаған істерде балалардың биологиялық аналары оларды сатпағанын, тек балалы болғысы келетін қамқор жандарға сыйлағанын айтқан. Бұл туралы ”Время” газетінің тілшісі Сандуғаш Дүйсенова жазды.
Бір күні Талғар аудандық сотына ерлі-зайыптылар тастанды баланы асырап алу туралы өтініш түсірген. Туған анасы сенімхат арқылы тастаған баланы заңды түрде өз аттарына жаздырып алмақ болған. Тірі адамның тағдырын анықтау соттың тәжірибесінде алғаш рет болған. Сол себепті болар, сот өтінішті қанағаттандырмады, ал іс аудан прокуратурасына берілді.
"Бала ол жер учаскесі емес, сенімхат арқылы біреуге бере салуға болмайды. Прокуратураға келген әйел 10 жылдан бері бала сүйе алмай келетінін жылап отырып айтты. Бір күні базардың асханасында қиын жағдайға тап болған даяшы қызбен танысыпты. Сәбидің әкесі қыздың жүкті екенін біле салысымен, қашып кеткен. Әңгіме соңында әйел сәбиді берген жағдайда, оған көмектесетінін айтқан", - дейді Талғар ауданының прокуроры Бақұстар Қыдырбаев.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, 2018 жылдың 30 наурызында әйел ұл баланы дүниеге әкелген. Ал 18 күннен кейін олар Қаскелеңдегі нотариустардың бірінде қамқоршылыққа келісім беру туралы құжатты рәсімдеген. Әрі қарай асырап алуға келіскен. Сәбидің туған анасы әрі қарай өз жөнімен кеткен.
Прокуратура Қылмыстық кодекстің 135 бабы бойынша (кәмілеттік жасқа толмаған балаларды сату) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Босанған ананы табу қиынға соқты. Есесіне тұлғасы анықталды. 33 жастағы Райымбек ауданының тұрғыны Айжан Мыңбаеваны Түркістан полициясы ұстаған. Әйелдің 2019 жылдың 4 сәуірінде қыз босанғаны белгілі болды. Ол жақта да даяшы болып істеген әйел сәбиді қайда жібергенін айтпады. Кейін Ринат есімді азаматтан жүкті болып қалғанын, ал жігіттің ізім-ғайып жоқ болғанын айтқан.
"Одан қыз босанып, сәби сүйе алмай жүрген Абдуллиндер отбасына берген", - дейді Қыдырбаев.
Келісім-шартты Алматы нотариустарының бірі рәсімдеді. Сот кезінде әйел көз жасын төгіп, екі баланы бөтен адамдарға беру оңайға соқпағанын айтты. Сөзіне қарағанда, балалары оның түсіне еніп, қайтарып алуды сұраған. Ал сәбилерді асырап алғандар оларды сатып алмағанын, тек қамқор болу үшін сыйға алғандарын жеткізген.
Тютебаевтар мен Абдуллиндер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал Айжанға заң алдында жауап беруге тура келді. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын балалары 14 жасқа толғаннан кейін өтейді. Әйелдің тағы екі баласы ата-анасының қамқорлығында болып шықты.
Сот кезінде бала сүйе алмаған жұптың бірі өзге сәбимен көзге түсті. Балалардың жас айырмашылығы заңгердің назарын аударды. Кейіннен ол баланы да ерлі-зайыптылардың біреуден сыйға алғаны анықталды. Осылайша үшінші қылмыстық іс қозғалды. Баланы Ақсу ауданының тумасы дүниеге әкелген.
Облыста осы сияқты тағы 4 қылмыстық іс қозғалған. Барлығының дерлік хикаялары ұқсас.