Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ауыл шаруашылығының өкілдері өз мәселелерін аймақ басшысына тікелей жеткізуде

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аудандарды аралау іссапарының барысында шаруа қожалықтары мен агрокәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізіп келеді. Кеңестерде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету, өнімдерді өткізу нарығын кеңейту сынды мәселелердің шешу жолдары талқыланды.

Сонымен қатар кездесулердің барысында аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері өз жұмыстары туралы есеп береді. Әр ауылдық округтің экономикалық дамуының көрсеткіштері мұқият қаралады. Шаруа қожалықтарын жеңілдетілген бағамен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, мемлекеттік қолдау, оның ішінде "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.

“Әр әкім ауыл шаруашылығының өкілдерімен мемлекеттік құрылымдардың арасындағы көпір сынды болуы керек. Ауылдық округтердің әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұрақтарына жауап беріп, субсидиялар алу жолында көмек көрсететін консалтингтік орталық сияқты жұмыс істеуі керек. Тығыз қарым-қатынас болса ауыл шаруашылығы сөзсіз дамиды”, - дейді Марат Сұлтанғазиев.

Облыс басшысы жергілікті өзекті мәселелерді облыстық және республикалық деңгейде көтеру және шешу ауылдық округ әкімдері қызметін бағалаудың бір бағыты болып табылатындығын атап өтті.

Әр кездесудің қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары қабылданып, тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынады.

Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің тапсырмасына орай барлық ауылдық округтердің ғимараттарында субсидиялар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпараттық стендттер орнатылғанын атап өту керек.

Талқылау