Алматы облысында 19 жастағы жігіт дропперлер тобын ұйымдастырып, 250 миллион теңгеге жуық қаржы жымқырған
Фото: polisia.kz
Алматы облысында интернет алаяқтық схемасы анықталды. Полиция қызметкерлері 250 миллион теңгеге жуық ақшаны жымқырған интернет алаяқтық схемасын әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыстық киберқылмыспен күрес департаментінің қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысынан ұйымдастырушы мен оның үш сыбайласын ұстады. Ұйымдастырушы небәрі 19 жаста, Алматы облысында тұрады. Тергеу оның қылмыстық схемаға 2023 жылдың қазан айынан бастап қатысы барын анықтады. Ол қарапайым дропперлер қызметінен бастап, 2024 жылдың маусым айында дропперлер тобын басқарған. Ал 2025 жылдың қаңтарында куратор қызметін атқарған. Оның бақылауында үш дроппер болған.
Қаскөйлер ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 50 жалған адамның атына рәсімделген банк қосымшалары орнатылған 30-дан астам ұялы телефонды пайдаланған. Сонымен қатар ресейлік операторлардың 11 SIM-картасы, ноутбук және шетелдік қаржы ұйымдарының банк карталары тәркіленді.
Алдын ала есептеулер бойынша, қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы шамамен 10 миллион теңге табыс тапқан. Ал оның сыбайластарының әрқайсысы 3 миллион теңгеден алған. Басты ұйымдастырушы ақшаны шешіп қана қоймай, есепшоттары бұғатталған жағдайда басқа дроппердерді банктерге ертіп жүрген.
Қылмыстық схеманың қатысушылары ұсталып, Алматы облыстық полиция департаментіне жеткізілді. Қазір қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
“Қатысушылар мен олардың әрекеттері анықталғаннан кейін банктерге ресми сұраныстар жолданады. Бұл алаяқтық фактілерін тіркеуге және келтірілген шығын көлемін нақтылауға көмектеседі”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алаяқтық жасады деп айыпталған бірнеше микроқаржылық ұйымдардың лицензиясы тоқтатылғаны туралы жазған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
