Алматы облысында 11-сынып оқушысы 14 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
Видеодан скрин
Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Марқұмның жақындары Әлиханды қатарластары ұрып өлтіргеніне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның әкесі ұлын 11-сынып оқушысының соққыға жығуына не түрткі болғанын түсінбейді. Қазір күдікті жасөспірім қамауда отырған көрінеді. Оқиға болған күні көшедегі бейнебақылау камераларына жазылған жазбаларда марқұмның өзімен шамалас балалармен қол алысып, амандасып жатқанын көруге болады, видеода күдік тудыратын ештеңе жоқ. Бірақ дәл осы кездесуден кейін жасөспірімнің ес-түссіз жатқан денесі табылған.
"21.30-да үйге келе жатырмын деген. Сосын кешіккен соң 20 минуттан кейін хабарлассақ, телефонды бір әйел адам алып тұр. "Балаңыз біздің есік алдымызда талып жатыр" деді. Баламды балалар ауруханасына апарып, бірден реанимацияға жатқызды.17 күн реанимацияда жатып, он жетінші күні балам өмірден өтті. Бұл жерде баламыздың өздігінен құламағанын, ұрып-соққандарын айтқымыз келеді", – деді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.
Әкесінің айтуынша, бір топ жасөспірім Әлиханды әдейі дүкеннің артындағы, бейнебақылау камерасы жоқ тасалау жерде соққыға жыққан. Жақындары оқиға орнына жеткенде ұлдарының ес-түссіз жатқанын көрген. Ал денесі мен топыраққа тамған қан ізін балалар жуып, тазалап тастаған дейді. Сонымен қатар “Әлихан абайсызда құлап қалды” деп ақталған көрінеді.
Марқұмның жақындары алғашында Әлихан өздігінен құлап қалды дегенге сендік дейді. Алайда бір күннен кейін жасөспірімнің жағы ісіп, көгере бастаған. Дәрігерлер де соққының іздері бар екенін айтыпты. Құқық қорғау органдарына шағым түсірмек болғанда жанына жасөспірімдердің бірінің анасы келіп, "ұлы абайсызда ұрып жібергенін айтып" кешірім сұраған. Тіпті істі өзара шешуді ұсыныпты. Дегенмен қазір күдікті қамауға алынып, іспен полиция айналысып жатыр.
“Талғар ауданының кәмелетке толмаған тұрғынының өліміне әкеп соққан дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім оқиға ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды”, – дейді Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.
Марқұмның әкесі ұлының өліміне қатыстылар жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сөзінше, кінәлі тарап істі бұрмалап, Әлиханның өзін кінәлі еткісі келеді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік