Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысына дизельдік отынның қосымша көлемі жөнелтіледі

Дизель бағасының қымбаттауына байланысты өткен ереуілден кейін Алматы облысына дизельдік отынның қосымша көлемі жөнелтіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Энергетика министрлігінде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және ірі жанармай құю станциялары желілері өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.

Анықталғандай, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысында дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады.

Жанармай құю станциялары желілерінің өкілдері атап өткендей, олардың дизельдік отын қоры халықты үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті.

"Сонымен қатар, жанармай құю станциялары желілерінің ақпараты бойынша дизельдік отынға сұраныс артып отыр (30%-дан астам), соның салдарынан кейбір жанармай құю станцияларында жанармайдың тәуліктік мөлшері тез таусылады. Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына тоқтап, өңірге мұнай өнімдерін жеткізу шектелген болатын", – делінген хабарламада.

Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытынан 5 мың тонна жанармай келе жатыр. ҚТЖ жанар-жағармайдың уақытылы тасымалдануын қамтамасыз етеді.

"7 сәуірде Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды, мұнда мұнай өнімдерін өндіру басталып кетті. Өнімнің бірінші партиясын демалыс күндері жөнелту жоспарлануда", – дейді министрлік.

Сондай-ақ, Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінеді.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысындағы Құлжа тас жолын жүк көлігі жүргізушілері жауып тастағаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау