Алматы облысындағы Құлжа тас жолын жүк көлігі жүргізушілері жауып тастады
Алматы облысы Іле ауданында жүк көлігі жүргізушілері жолды толық жауып тастады. Себеп жанармай бағасының қымбатшылығы деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан кадр
Құлжа тас жолын жапқан жүргізушілердің бейнежазбасын қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Facebook-тегі парақшасында жариялады. Видеода ондаған азаматтың жүк көлігін жолға қойып тастағанын байқайсыз. Жүргізушілер бұл әрекетті жанармай бағасының қымбаттауымен түсіндіруде. Яғни, солярка тым жоғары сатылуда деп отыр.
Stan.kz мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық әкімдікке және полиция департаментіне сұрау салды. Әкімдік баспасөз қызметі ақпаратты растады. Бірақ мәселе жанармай тапшылығына байланысты емес, түбіртектен туындаған деді.
“Жанармай бекеттері 300 теңгеден солярка сатқан. Жүргізушілер баға талабын бұзғаны үшін түбіртек сұраған. Бірақ оны бермеген. Осыған байланысты олар жолды жауып отыр. Әкімдік салық департаментімен бірлесіп тексеріс жұмыстарын жүргізетін болады. Жол қазіргі уақытта ашылды. Жүк көлігі жүргізушілеріне жағдай түсіндірілді. Десе де, өзге азаматтар жолды жабуға байланысты полиция департаментіне арыз түсірген. Сол себепті жүк көлігі жүргізушілері заң аясында өз әрекеттері үшін жауап беретін болады”, – деді Ғалыммұрат Жүкел.