Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы метросында жастар Tik-Tok үшін қылқынып айқайлап, елді шошытты

Әлеуметтік желілерде жариялау үшін видео түсірген жастар метродағыларды шошытты. Лайк пен комментарий үшін үлкен-кішінің көзінше қылғына айқайлаған жігіттер осылайша танымал болуды көздеген сыңайлы. Олардың бұл контенті жас буын өкілдеріне де ұнап жатқанға ұқсайды. Видеоның авторлары жапон анимациясын жарнамалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапон анимациясының кейіпкерлерін бейнелеп, метрода айқай салған жігіттер бір күннің ішінде әлеуметтік желіні шулатты. Бірі жағымды пікір қалдырса, енді бірі жағасын ұстап даттауға көшкен. Метро ішіндегі оғаш қылық көпшіліктің талқысына түсті. 

"Жолаушылардың барлығына алдын ала ескерттік. Өйткені, Америка, немесе басқа елдер секілді біздің еліміз ондайға әлі үйренбеген. Сондықтан қандай жағдай боласын алдын ала ескертуге тырысамыз", - дейді ток-токер Ринат Исраилов.

Ал, идеяның өзіне келсек жапон анимациясы қазіргі таңда әлемдегі қаралымы ең жоғарғы тізімнің алдыңғы шебінде тұр екен. Трендті қарап, жұрттың неге қызығатынын саралап жүргендер мұндай әрекеттерді танымал тик-токерлер өз елдерінде еркін жасап жүр дейді. Сондықтан біздің елімізде де түсіріп көруді жөн санапты. "Атың шықпаса  жер өрте демекші" жер астында бақырып жүрген жігіттердің парақшасына екі аптаның ішінде 600 мыңнан астам адам жазылған. Алайда, көзі қарақты көпшілік дәл осылай  қазақ ертегілерін неге насихаттамасқа дейді.

Tik-tok-та біреулер осылайша жұртты шошытса, түркістандық Жандос Бақыт қайырымдылық жасап жүр. Әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен аз-кем қаражат жиып, қоғамдық көлікке отырған жолаушылардың жолақысын төледі. Карантинде әрбір тиынын құнттап ұстап жүрген жандар үшін мұның өзі үлкен көмек.

"Түркістан қаласының жастары болып ақша жинап, Түркістан қаласының барлық бір реттік жолақысын төлеп жатырмыз. Сіздердікін де төлеп кеттік, мына автобуста. Барғанша тегін барып, төлемей-ақ қойыңыздар жарай ма?", - деді тик-токер Жандос Бақыт.

Қазір өмірді смартфонсыз елестету мүмкін еместей. Тіпті, психолог мамандар сыйластықтың да оқырман санына қарай бөліне бастағанын жеткізді.

"Мұның бәрі ақша табудың, табыс табудың көзінен басталып тұр. Қазір балалардың өзі адамдардың өзі бір-бірімен танысқан кезде олардың қанша оқырманы бар, қаншалықты танымалдылығы сол оқырманының санына байланысты сол бойынша адамдар-адамдармен сөйлесетін болды. Бағалайтын болды", - деді психолог Айгүл Махатова.

Иә, әлеуметтік желі арқылы ақша табу бүгінде жаңалық емес. Кімнің парақшасы қызық, қалтасы да қалыңдай түседі. Алайда, лайкқа лайықты дүниелер жасап, оқырманға тарту ету оның барлығы білімге келіп тіреледі. Сондықтан өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмай жақсы дүниелер жасауға тырысу қажет дейді мамандар.

Талқылау